2026 жылғы 3 сәуірде ауа райының күрт жылынуы мен таудағы еріген қар сулары көлемінің артуына байланысты республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының 20-шақырымындағы су өткізгіш құбыр зақымданып, жол төсемін су шайып кеткен болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға орын алған сәттен бастап, «Кеген – Нарынқол» автожолының 0-74 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстары аясында, қалпына келтіру шаралары ұйымдастырылып, арнайы техникалар мен мамандар жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстарымен бірге жобалау жұмыстары да қатар жүргізілді. Жұмыс барысында бұрынғы диаметрі 1,5 метрлік су өткізгіш құбырдың орнына су өткізу қабілеті жоғары 2x2 метрлік тюбинг орнатылды. Сондай-ақ, жер төсемі қалпына келтіріліп, жол жамылғысы қайта төселді және еңіс бөліктерді нығайту жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта көлік қозғалысы негізгі жолмен қалыпты режимде жүзеге асырылуда. Орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.