Қарағандыда тапа-тал түсте көліктен қомақты ақша ұрлаған күдікті ұсталды

Бүгін, 15:05 / Алуа Арман
polisia.kz

Қарағанды қаласында 35 жастағы жергілікті тұрғын тұрақта тұрған ГАЗель автокөлігінен 1,2 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыстың "ізін суытпай" ашуға оқиға орнынан табылған саусақ іздері мен бейнебақылау камераларының жазбалары көмектесті.

Сараптама нәтижесінде анықталған саусақ іздері күдіктіні әшкерелеуге мүмкіндік берсе, бейнежазбалар қылмыстың жасалу сәтін толық тіркеген.

Өзінің бейнекамераға түсіп қалғанын білген күдікті тұрғылықты мекенжайынан кетіп, туыстарының үйіне де бармай жасырынуға тырысқан.

Алайда полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде оның жүрген жері анықталып, күдікті қолға түсті.

Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады. Ол заттай айғақ ретінде барсетканы ерікті түрде қайтарғанымен, ұрланған қаражатты жұмсап үлгергені белгілі болды.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тэгтер:

күдікті Қарағанды ұрлық