Түркістан облысының Арыс қаласында төрт адамның өмірін қиған сұмдық жол апаты болды. Қаза тапқандардың арасында екі кішкентай бала да бар. Көлікті мас күйдегі әйел басқарған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ақ жайық» басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға кезінде автокөлік жоғары жылдамдықпен жеке тұрғын үйдің қоршауын бұзып кірген. Сол сәтте қоршау алдында орналасқан орындықта жергілікті тұрғындар отырған.
Жол апаты салдарынан төрт адам оқиға орнында көз жұмды. Қаза болғандардың қатарында екі жас бала мен жүктіліктің соңғы кезеңінде болған әйел бар.
Тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көлікті 52 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Сараптама нәтижесі әйелдің жол-көлік оқиғасы кезінде алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне сәйкес, мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жағдайда, күдіктіге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.