Ғалымдар Эбола індетінің жиілеуін Африкадағы жаппай орман кесумен байланыстырды. Мамандардың айтуынша, пайдалы қазбаларды өндіру үшін тропикалық ормандардың жойылуы адамдар мен вирус тасымалдаушы жарқанаттардың арасындағы байланысты күшейтіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Эбола вирусы көбіне жарқанаттар ағзасында өмір сүреді және оларға зиян келтірмейді. Бұрыннан осы жануарлармен қатар өмір сүретін жергілікті халықта белгілі бір иммунитет қалыптасқан. Алайда орман ішіне жаңа адамдардың келуі індет қаупін арттыруда.
The Guardian басылымының мәліметінше, ағаштар кесілгеннен кейін жарқанаттар адамдар тұратын аймақтарға жақындай түседі. Соның салдарынан жануарлардың қаны, сілекейі немесе нәжісі арқылы вирус жұқтыру ықтималдығы көбейеді.
Мәселен, 2024 жылы Конго өзені бассейнінде 1,5 миллион акр тропикалық орман жойылған. Бұл аумақтарда алтын, кобальт және колтан секілді пайдалы қазбалар өндіріледі. Аталған минералдар смартфондар, жартылай өткізгіштер және басқа да жоғары технологиялық өнімдер жасау үшін қажет.
Сарапшылардың дерегінше, Африкада шамамен екі миллион адам заңсыз немесе шағын көлемдегі кен өндірумен айналысады. Көптеген отбасы үшін бұл – негізгі табыс көзі.
Экологтар болашақтағы эпидемиялардың алдын алудың ең тиімді жолы экожүйелерді сақтау екенін айтады. Олардың пікірінше, орманды жаппай жою тек табиғатқа емес, адам денсаулығына да үлкен қауіп төндіріп отыр.