Норвегияның болашақ патшайымы өкпе ауыстыру үшін кезекке тұрды

8 маусым, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: euronews.com / Lise Åserud/NTB Scanpix via AP

Норвегияның тақ мұрагері ханзада Хоконның жұбайы, кронпринцесса Метте-Марит өкпе трансплантациясына мұқтаж науқастар тізіміне енгізілді. Бұл туралы король сарайы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Дәрігерлердің айтуынша, 52 жастағы Метте-Мариттің созылмалы өкпе ауруы кейінгі кезде күрт асқынған. Ол 2018 жылы өкпенің сирек кездесетін фиброз дертіне шалдыққаны белгілі болған еді. Ауру тыныс алуды қиындатып, бірнеше рет ресми міндеттерін уақытша тоқтатуына себеп болған.

Осло университеті ауруханасының маманы, профессор Аре Холмның сөзінше, жан-жақты медициналық тексеруден кейін Метте-Маритке өкпе трансплантациясы қажет деген шешім қабылданған.

Операцияны күту кезеңінде ханшайым барлық ресми іс-шараларға қатысуды тоқтатады. Ханзада Хокон да жұмыс кестесін өзгертіп, Норвегия ішінде және шетелге ұзақ сапарларды шектемек.

Сондай-ақ ерлі-зайыпты 2026 жылдың тамызына жоспарланған күміс тойын кейінге қалдырды. Ал олардың қызы, ханшайым Ингрид Александра Сидней университетіндегі оқуын уақытша тоқтатып, анасымен бірге Норвегияға оралатынын мәлімдеді.

Кейінгі кезде Метте-Марит көпшілік алдына оттегі аппаратына қосылған тыныс алу түтігімен шығып жүрген.

Дәрігерлердің айтуынша, өкпе трансплантациясы – бірнеше сағатқа созылатын күрделі операция. Одан кейін науқас ұзақ уақыт бақылауда болып, өмір бойы ағза жаңа мүшені қабылдауы үшін арнайы дәрілер қабылдауға мәжбүр болады.

Тэгтер:

трансплантация кезек өкпе Норвегия