Сахара шөлінде Нигер, Мали және Алжир мемлекеттерінің шекарасы түйісетін аумақта қайғылы оқиға болып, 49 адам көз жұмды. Бұл туралы Euronews басылымы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, қаза болғандардың барлығы Нигер азаматтары. Олар Малиде өткен діни мерекеден кейін үйлеріне қайтып келе жатқан.
Жүздеген шақырымға созылатын жол барысында жүк көлігінің жүргізушісі бағытынан жаңылып, көлік адам тұрмайтын шөлді аймақта істен шыққан. Соның салдарынан жолаушылар бірнеше күн бойы аптап ыстық пен сусыздық жағдайында қалған.
Топтағы екі ер адам көмек іздеп, жаяу шамамен 50 шақырым жүріп өтіп, су көзіне жеткен. Кейін олар жақын маңдағы елді мекенге барып, құтқарушыларға хабар берген.
Алайда іздестіру тобы оқиға орнына жеткен кезде жүк көлігіндегі 49 адамның бәрі қаза болғаны анықталған.
Нигер билігінің мәлімдеуінше, шөлдегі экстремалды жағдайда аман қалу мүмкіндігі өте төмен болған. Жолаушылар көлікті жөндей алмаған әрі ауыз су таба алмаған. Марқұмдар оқиға орнына жақын аумақтағы бауырластар зиратына жерленді.