Павлодарда ұйықтап қалған канадалық турист ақшасы мен төлқұжатынан айырылды

Бүгін, 21:49 / Нұрлан Әлинұр
Павлодар обл.ПД

Павлодар полицейлерінің көмегімен Канада азаматы еліне аман-есен оралатын болды. Бұған дейін оның ақшасы мен төлқұжатын ұрлап кеткен.

Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Лю Фенга есімді турист Қазақстанға Канаданың Торонто қаласынан келген. Ол еліміздегі тарихи орындарды аралауға арналған сапарын алдын ала мұқият жоспарлаған.

Саяхатшы Абай облысынан Астанаға бет алған. Ал Павлодарда көлік ауыстыру үшін аялдаған. Келесі рейсін күтіп жүргенде ол автовокзал маңындағы орындыққа отырып, ұйықтап қалған.

Оянған кезде жол сөмкесіндегі ақшасы мен ең бастысы – шетелдік төлқұжатының жоғалғанын байқаған. Құжатсыз оның Канадаға қайту мүмкіндігі қиындай түскен.

Мен бірден 102 нөміріне қоңырау шалдым. Маған міндетті түрде көмектесетініне сенімді болдым. Бірнеше минуттан кейін полиция қызметкерлері келді. Мен болған жағдайды айтып бердім. Барлығы менің мәселеме түсіністікпен қарады: бірі су ұсынды, сабырға шақырды және бәрін табатынын айтты, – деді Лю Фенга.

Павлодар қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жедел әрекет еткен. Оператив қызметкерлер оқиғаның әр минутын қалпына келтіріп, кешенді іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде екі күдікті анықталып, ұсталды.

Полицейлер ұрланған төлқұжат пен ақшаны тауып, заңды иесіне толық қайтарды. Канадалық азамат көрсетілген көмекке риза болып, сапарын жалғастырған.

Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір ұсталғандардың Павлодар облысында бұған дейін жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.