Алматы тұрғыны танысын өлтіріп, мәйітін жасыруға тырысқан

Бүгін, 15:45 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматы қаласының Түрксіб ауданында полиция қызметкерлері кісі өлтіру қылмысын жедел түрде ашты.

Алматы полициясының мәліметінше, 32 жастағы ер адамның мәйіті жеке тұрғын үйлердің біріндегі жалдамалы бөлмеден табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді.

Полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде марқұмның байланыс ортасын анықтап, қылмысқа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға алдында екі ер адам бірге алкогольдік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті жанжал барысында жәбірленушіге өлімге әкелген дене жарақатын салған. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйітті пленкаға орап, басқа жерге алып кетуді жоспарлаған.

Алайда күдікті өз ойын жүзеге асыра алмаған. Мәйіт табылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде ол ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.