«Үстінде киімі жоқ»: Шиеліде каналдан өлі табылған оқушы қыздың туыстары жанайқайын айтты

Бүгін, 10:36 / Нұрлан Әлинұр
Фото: информбюро

Қызылорда облысы Шиелі ауданында су арнасынан табылған жасөспірімнің туыстары қаскөйлер қызды азаптап өлтіріп, мәйітін лақтырып кеткенін айтуда. Күдікті әлі табылған жоқ. Қыз баланың туыстары кінәліні қатаң жазалауды сұрап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz 31-арнадағы "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, қайғыдан қабырғасы қайысқан ана жақында ғана 10-сыныпты тәмамдаған қызынан қапыда айырылғанына әлі де сене алмайды. Анасының айтуынша, 16 жастағы қыз бала осыдан үш күн бұрын кешкі уақытта құрбысы хабарласқан соң, сұранып шыққан. Алайда үйге түнемегенін тек ертеңінде таңда бір-ақ білдім деп отыр.

Содан бастап туыстары бірден іздеуге кіріскен. Алайда еш жерден таппаған. Ал кешкі уақытта жасөспірімнің денесі көрші Ыбырай Жақаев ауылындағы су арнасынан табылғанын естідік деп қайғырады әйел.

"Қыздың үстінде киімі жоқ. Аяқ киімі жоқ. Киімдері әлі табылған жоқ. Телефоны да жоқ. Жазықсыз өлтіргені айдан анық қой. Қинап солай өлтірген болып тұр", - деді марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаева.

Марқұмның жақындары күдікті оқушыны асқан қатыгездікпен өлтіріп, мәйітті елсіз жердегі ағынды суға лақтырып жібергеніне сенімді. Оның үстіне жеткіншектің түнгі уақытта ауыл шетіндегі су арнасына жалғыз баруы мүмкін емес дейді жақындары. Сол себепті кінәліні қатаң жазалауды сұрап отыр.