Алматыда ер адамды жаралап, көлігін алып кеткен күдікті қолға түсті

6 маусым, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

Алматыда автокөлікті қайта сату мәмілесіне байланысты туындаған жанжалдың соңы қарақшылық шабуылға ұласты. Күдікті ер адам қарсы тарапқа пышақ жарақатын салып, оның көлігін айдап кеткен.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, оқиға Алмалы ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі азамат автокөлікке қатысты мәміле шарттарын талқылау үшін кездескен. Келіссөз барысында араларында жанжал туындап, күдікті жәбірленушінің банк картасында қомақты қаражат бар екенін білгеннен кейін оған шабуыл жасаған.

Қаскүнем жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, оның автокөлігін иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек алды.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін қала аумағында «Ұстау» арнайы жоспары енгізіліп, барлық патрульдік жасақтарға күдіктіні анықтау және ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті қысқа уақыт ішінде анықталып, Райымбек даңғылы бойында ұсталды. Одан іске қатысты заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшанның айтуынша, күдіктіні ұстауға полиция бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді әрекеті мүмкіндік берген.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталмақ.