ШЫҰ елдерінің ішкі істер министрлері қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Бүгін, 10:53 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

5 маусым күні Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кезекті кеңесі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шараға ШЫҰ елдерінің құқық қорғау органдарының басшылары, Интерпол Бас хатшылығының, ШЫҰ хатшылығының және ТМД-ның Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бюросының өкілдері қатысты. 

Кеңес аясында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров делегация басшыларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті нығайту, заманауи сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл және халықаралық полиция ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов басқарды. Отырыстың негізгі тақырыбы трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, экстремизмге, терроризмге және киберқылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды күшейту болды. Заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.

- Биыл ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін Қазақстан полициясы 345 қылмыскерді іздеп тауып, ұстады. ШЫҰ елдерінің аумағында біздің еліміз үшін іздеуде жүрген 49 адам анықталды. Сонымен қатар құқықтық көмек көрсету жөніндегі 366 сұрау жедел түрде орындалды. Бұдан бөлек, есірткі өндірумен және өткізумен айналысқан үш трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, - деп атап өтті ҚР ІІМ басшысы Ержан Саденов.

Кеңеске қатысушылар қазіргі заманғы қауіптерге қарсы күрестің тиімділігі жедел ақпарат алмасуға, бірлескен іс-қимылды үйлестіруге және құқық қорғау органдарының қызметіне заманауи технологияларды белсенді енгізуге тікелей байланысты екенін атап өтті. Отырыстың қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен операциялар өткізуге, тәжірибе алмасуға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған Хаттамаға қол қойылды. Іс-шара аясында Ержан Саденов Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви және Үндістанның мемлекеттік ішкі істер министрі Нитьянанда Раймен екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірдегі құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіретін негізгі халықаралық алаңдардың бірі болып қала береді.

Қатысушы мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту трансұлттық қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға және Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.