Алматылық “Қайрат” клубы жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың команда сапындағы соңғы ойындары қашан өтетінін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Клубтың мәліметінше, Қазақстан чемпионаты аясында 13 және 17 маусым күндері өтетін “Атырау” мен “Қызылжарға” қарсы кездесулер Сәтпаевтың Лондонның “Челси” клубына аттанар алдындағы “Қайрат” жейдесіндегі соңғы матчтары болмақ.
17 маусымда “Қызылжарға” қарсы ойыннан кейін Алматыдағы Орталық стадионда футболшымен қоштасу рәсімі ұйымдастырылады.
“Бұл кездесулер біздің түлегіміз үшін лондондық “Челсиге” ауысар алдындағы “Қайрат” құрамындағы соңғы ойындар болмақ. “Қызылжармен” матчтан кейін Орталық стадионда шабуылшымызға арналған қоштасу рәсімі өтеді”, – делінген клуб хабарламасында.
Еске салайық, Дастан Сәтпаевтың “Челсиге” трансфері 2025 жылдың ақпанында рәсімделген еді. Алайда футболшы кәмелет жасына толғанға дейін Англия клубының сапына қосыла алмайтыны айтылған.
Бұған дейін белгілі инсайдер Фабрицио Романо Сәтпаевтың “Челсимен” келісімшартқа отырғанын хабарлап, бұл трансферді Қазақстан футболы тарихындағы рекордтық мәміле деп атаған. Оның дерегінше, “Қайрат” өз тәрбиеленушісі үшін 4 миллион еуро табыс табуы мүмкін.
Дастан Сәтпаев “Қайраттың” жастар командасында жүрген кезінен-ақ еуропалық скауттардың назарына іліккен. Ол 16 жасында Қазақстан чемпионатында негізгі құрам сапында дебют жасады.
Қазір жас футболшының еншісінде Чемпиондар лигасының іріктеу және жалпы кезеңдеріндегі голдар, Қазақстан Премьер-лигасындағы 19 доп, екі чемпиондық атақ және ұлттық құрама тарихындағы ең жас гол авторы деген мәртебе бар.