Бүгінде Қазақстанда 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 59-ы – мемлекеттік театрлар. Олардың қатарында 11 республикалық және 48 өңірлік театр бар. Бұл көрсеткіш театр өнерінің өркендеп, сахна мәдениетіне деген жұртшылық қызығушылығының арта түскенін көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы атап өткендей, театрдың дамуы – ел мәдениетінің деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Қазақстанда да театр өнеріне деген қызығушылық тұрақты сақталып келеді. Мұны көрермендер қатарының артуы мен жаңа қойылымдарға деген сұраныстың жоғары болуы айқын аңғартады.
Саладағы оң серпін 2025 жылдың қорытындысынан да байқалады. Былтыр мемлекеттік театрларда 410 жаңа қойылым көрерменге жол тартып, 539 гастроль ұйымдастырылды. Оның 495-і ел өңірлерінде, ал 44-і шетелде өтті. Бір жыл ішінде 16 мыңға жуық спектакль сахналанып, оларды 2 832 835 көрермен тамашалады.
Отандық театрлардың халықаралық фестивальдер мен байқауларға белсенді қатысуы да саланың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы қазақстандық театр қайраткерлері 101 халықаралық және 90 республикалық фестиваль мен байқауда өз өнерін паш етті. Нәтижесінде қазақстандық театрлардың 13 қойылымы «Гран-при» және «Үздік спектакль» аталымдары бойынша жоғары марапаттарға ие болды.
Биыл да саладағы оң үрдіс жалғасын тауып отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік театрларға 611 685 көрермен барды. Осы уақыт ішінде 197 жаңа спектакль сахналанды. Оның 146-сы отандық авторлардың шығармалары негізінде ұсынылып, 47-сі шетелдік драматургтердің туындылары бойынша қойылды.
Репертуарды байыту және жаңа қойылымдарды көрерменге ұсынумен қатар, қазақстандық театрлар халықаралық мәдени серіктестікті тереңдетуге мән береді. Жыл басынан бері театр ұжымдары 106 гастроль ұйымдастырды. Оның ішінде Ресей, Сингапур және Түркия елдеріне өнер сапары бар. Сонымен қатар отандық театр ұжымдары Ресей, Испания, Беларусь және Түркияда өтіп жатқан халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, ел өнерінің мерейін асыруға үлес қосып келеді.
Атап айтқанда, Ыстамбұл қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық театр сыйлығының XI марапаттау рәсімінде «Астана Опера» театрының режиссері «Үздік театр режиссері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Romeo and Juliet» спектаклі Санкт-Петербургте өткен XXVII халықаралық жастар театр фестивалінде «Үздік спектакль» аталымына лайық деп танылды.
Театр саласындағы жетістіктер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаумен де сабақтасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар театрлардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және олардың кәсіби дамуына жаңа серпін беруге жол ашады. Биыл Мемлекет басшысы Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебесі, ал Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілетінін айтты.