Фастфуд пен ультраөңделген өнім біз ойлағаннан да қауіпті болып шықты

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Америкалық ғалымдар ультраөңделген тағамдардың денсаулыққа зияны тек қант, май немесе тұздың көптігімен ғана байланысты емес екенін анықтады. Зерттеу нәтижесі бойынша, тағамды өнеркәсіптегі өңдеу процесінің өзі адам ағзасына қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz alphagalileo.org-ке сілтеме жасап.

Ғалымдар 1999–2018 жылдар аралығында 40 мыңнан астам адамның денсаулық көрсеткіштерін зерттеген. Мамандар қатысушылардың тамақтану рационын талдап, оны өлім-жітім және созылмалы аурулар туралы деректермен салыстырған. Барлық өнімдер жаңа піскен көкөністерден бастап құрамында түрлі қоспалары бар фастфуд пен снектерге дейін бірнеше санатқа бөлінген.

Зерттеу нәтижесінде рациондағы терең өңделген тағамдардың үлесі небәрі 10%-ға артқанның өзінде денсаулық көрсеткіштері нашарлайтыны анықталған. Атап айтқанда, адамдардың салмағы көбейіп, қандағы қант деңгейін бақылау қиындаған, қан қысымы жоғарылаған және «жақсы» холестерин деңгейі төмендеген.

Сонымен қатар мұндай адамдарда диабет, метаболикалық синдром және қатерлі ісік жиі кездескен. Ғалымдардың айтуынша, бұл байланыс өнім құрамындағы қант, қаныққан май мен тұз мөлшерін есепке алғаннан кейін де сақталған.

Зерттеу авторларының бірі, кардиолог Дариуш Музаффариан ультраөңделген тағамдардың қаупі олардың тағамдық құндылығымен ғана шектелмейтінін атап өтті.

Мамандар халықтың жаңа әрі табиғи өнімдерге қолжетімділігін арттыру денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі екенін айтады.

Тэгтер:

фастфуд өңдеу