Ұлыбритания ғалымдары жасанды интеллект көмегімен әзірленген әрі адамдарға сынақтан өткен алғашқы вакцинаны таныстырды. Зерттеуді University of Cambridge және University of Southampton мамандары жүргізген. Ғалымдардың айтуынша, жаңа технология болашақ пандемияларға дайындық тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілердің түсіндіруінше, тұмау, коронавирус және Эбола секілді вирустар үнемі мутацияға ұшырайды. Соның салдарынан дәстүрлі вакциналар кейде жаңа штамдарға үлгермей жатады. Ал жаңа тәсіл нақты бір вирусқа емес, бір-біріне ұқсас вирустар тобына бірден қорғаныс қалыптастыруға бағытталған.
Ғалымдар жасанды интеллект арқылы «суперантиген» деп аталатын арнайы ақуыз құрастырған. Ол әртүрлі коронавирустарға ортақ белгілерді имитациялайды. Осылайша иммундық жүйе тек белгілі бір штаммға емес, ұқсас көптеген вирусқа қарсы әрекет етуге үйренеді.
Жобада әлем бойынша жиналған Sarbecovirus тобына жататын коронавирустардың генетикалық деректері пайдаланылған. Бұл вирустар көбіне жарқанаттар арасында таралып, кейін адамдарға жұғуы мүмкін.
Вакцинаның тағы бір ерекшелігі – ине қолданылмайды. Препарат теріге жоғары қысымды сұйық ағын арқылы енгізіледі. Ғалымдардың пікірінше, бұл әдіс вакцинаны тасымалдау мен қолдануды жеңілдетіп, табысы төмен елдерде де кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
Сынақ 2021 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың қыркүйегі аралығында жүргізілген. Оған 39 ерікті қатысқан. Мамандар вакцинаның барлық дозасы жақсы қабылданғанын және айтарлықтай жанама әсер тіркелмегенін айтты.
Енді ғалымдар клиникалық зерттеудің екінші кезеңіне көшпек. Онда вакцинаның кеңірек аудиторияда қаншалықты тиімді иммундық қорғаныс қалыптастыратыны тексеріледі.