Тары ексең, таршылық көрмейсің

Бүгін, 15:30 / Арайлым Жолдасбекқызы

Жаһандық климаттың өзгеруі мен қуаңшылық қысқан заманда елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау отандық ғылымның басты міндетіне айналды. Осы орайда қазақстандық жас ғалымдар ата-бабамыздан қалған қасиетті дақыл тарыны заманауи молекулалық деңгейде зерттеп, глютинозды әрі құрғақшылыққа төзімді жаңа сорттарын шығаруды қолға алды. Мутагенез әдісі арқылы ауыл шаруашылығында жаңалық жасаған отандық селекцияның бүгінгі әлеуеті қандай? Халықаралық деңгейде мойындалған жас зерттеушілердің ізденісі мен мемлекеттік қолдау туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Ауыл және орман шаруашылығы институтының PhD, оқытушы Айым Зейнуллина әңгімелеп берді.

Тары – біржылдық астық тұқымда­сына жатады. Дүниежүзі бойынша оның 500-ге тарта түрі бар. Тарихи дерек­тер тарының біздің жерімізде VI ғасырдан бері өсетінін көрсетеді. Бұл өсімдіктің пайдасы шаш етектен. Сабанын жеген сауын сиырдың сүті құнарлы болады, өйткені құрамында дәрумен көп. Топаны, кебегі төрт түлік малға құнарлы азық. Тарыны жеген тауықтар жиі жұмырт­қалайды, жұмыртқаның қабығы қатты әрі ұзақ уақыт сақталады. Ауыл шаруа­шы­лығынан бөлек медицина саласында да тарының тиімділігі дәлелденген. Адамға күш-қуат береді, бауыр­дың жұмысын жақсартады, тер шығарады. Қыз­дырылған тары ісікті басады, тіс ауырғанды тоқта­тады. Ерте заманда-ақ емшілер тарыны бауырды емдеуде таптырмас ем деп білген. Одан бөлек, тары дәнінен спирт алынады, сабағынан қағаз шығарады. 
Жылу сүйгіш, қуаңшылыққа, аңызаққа және ыстыққа төзімді. Судан таршылық көрмесе, көп өнім береді. Құнарлы қара және қоңыр топырақта өнімді болады.  Ал ғылымда тары сорттарының бейімдел­гіштігін арттыру – нақты табиғи-климат­тық жағдайларда тұрақты түрде жоғары өнім алуға, өнім сапасын жоғарылатуға және өсімдік шаруашылығының тиімді­лігіне ықпал ететін қазіргі ауыл шаруашы­лығы өндірісінің міндеттерін шешудің негізі. Мутациялық селекция әдісінің әлемнің көптеген елінде кеңінен қолдан­ылуы өсімдік шаруашылығының әртүрлі мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Ата-бабамыздан қалған ас бүгінде заманауи дието­логия мен тамақ өнер­кәсібінде superfood ретінде танылды. Бұл дақылдың заманауи азық-түлік нарығын­дағы маңызы жыл санап артып келеді және оны сипаттайтын бірнеше негізгі артықшы­лығы бар.
Ең алдымен, тары – табиғи глютинозды өнім. Қазір әлемде глютинозды көтере алмайтын, яғни целиакия ауруына шал­дыққан немесе салауатты өмір салтын ұстанып, ақуыздан бас тартқан адамдардың қатары өте көп. Тарының құрамында амилозаның мүлдем бол­мауы оны диета­лық мәзірдің, емдік тағамдардың және балалар асханасының таптырмас негізіне айналдырып отыр.
Сонымен қатар бұл дақыл өзінің бай химиялық құрамымен және жоғары энергетикалық құндылығымен ерек­шеленеді. Тары – адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдардың нағыз қой­масы. Мысалы, құрамындағы өсімдік ақуызының мөлшері бойынша тары күнделікті тұтынатын күріш пен арпадан әлдеқайда жоғары тұрады. Сондай-ақ оның бойында жүйке жүйесінің жұмысын жақ­сартып, тері мен шаштың саулығын қол­дайтын B_1 (тиамин) және B_2 (рибофла­вин) сияқты В тобының дәрумендері мол. Ағзаға өте қажет калий, магний, темір, фос­­фор және мырыш сияқты макро-мик­ро­элементтер де жеткілікті. Мұндағы магний мен калий жүрек-қан тамырлары жүйесін реттесе, темір анемияның алдын алуға көмектеседі.
Тарының тағы бір маңызды қасиеті – оның төмен гликемиялық индексінде. Пайдалы күрделі көмірсул­ардың көзі бол­ғандықтан, ол қандағы қант мөлшерін бірден көтермейді, керісінше ағзаға энер­гияны баяу әрі тұрақты түрде бөліп отырады. Осы ерекшелігінің арқасында тары қант диабеті бар адамдар мен артық салмақтан арылғысы келетін жандар үшін таптырмас шипалы ас саналады.
Мұнымен қоса, тары – ас қорыту жүйе­сін тазартатын ең тиімді жасұнық (клет­чатка) көздерінің бірі. Оның құрамындағы ері­мейтін жасұнық ішек жолдарының жұмыс­ын жақсартып, ағзадан зиянды ток­синдер мен шлактарды сыртқа шы­ғаруға септігін тигізеді. Ал құрамындағы пайдалы табиғи майлар мен қышқылдар қандағы «жаман» холестерин деңгейін төмендетіп, қан тамырларының тазаруын қамтамасыз етеді. Нақ осы қасиеттері тарыны бүгінде ең сұранысқа ие, денсаулыққа барынша пайдалы заманауи тағамдардың көшбас­шысына айналдырып отыр.
Халқымызда «Тары өскен жерде тоқшылық болады» деген аталы сөз бар. Кезінде дала данышпаны Шығанақ Берсиев ақ тарыны ардақтап, әлемдік рекорд орнатса, бүгінгі жаңа буын ғалым­дар сол асыл мұраны заманауи молекула­лық-генетикалық деңгейде қайта түлетіп жатыр. Жас ғалым Айым Зейнул­линаның зерттеулері тамыры терең дәс­түрлі ауыл шаруашылығы мен бола­шақтың озық технологиясы тоғысқанда ғажайып нәти­желерге қол жеткізуге болатын көрсе­тіп отыр. 
Ғалымның бұл зерттеуі Қазақстан үшін мүлдем соны қадам болмақ. Оның ізденістері елімізде бұрын-соңды өндірілмеген және өсірілмеген, өнімділігі өте жоғары тарының жаңа отандық мутантты түрлерін жасауға жол ашады. Жоба аясында арнайы элементтерді (агенттерді) қолдану арқылы тарының бойындағы пайдалы мутация процесін әдейі күшейтеді. Бұл зертханалық деңгейде іріктелген сапалы мутантты формалар болашақта мүлдем жаңа, мықты сорттарды шығару үшін негізгі шикізат ретінде жұмсалады.
Бұл зерттеу нәтижелері отандық селекция саласын, соның ішінде тары дақылының генетикасын дамытуға үлкен серпіліс әкеледі. Жобаның тек ғылыми-теориялық қана емес, тікелей тәжірибелік пайдасы да орасан зор. Себебі бұл жұмыс болашақта ең жоғары сапалы, таза элита­лық тұқымдарды өндіруге және еліміздің ауыл шаруашылығын тосын ауа райына төзімді, жаңа дақыл сорттарымен қамта­масыз етуге тікелей мүмкіндік береді. Яғни отандық ғалымның еңбегі егістік алқапта­рына жоғары сапалы, мол өнім беретін отандық тары тұқымын жеткізуді көздейді.
Жобаның басты мақсаты – арнайы зертханалық әдістер мен молеку­ла­лық талдауды қолдана отырып, тарының табиғи қасиеттерін байыту және оның ерте пісетін жаңа түрлерін жасап шығу. Бұл зерттеулер болашақта елімізде жоғары сапалы өнім беретін жаңа сорттарды өсіру үшін таптырмас негіз болмақ.
Өсімдіктердің генін зертханалық жағдайда мақсатты түрде өзгерту, яғни мутация жасау оның бойындағы жасырын мүмкіндіктерді оятуға жол ашады. 
Ауа райы құбылмалы, жазы қысқа Солтүстік Қазақ­стан аймағы үшін тарының ерте жетілетін түрлерін табу өте өзекті. Осы мақсатта қолда бар мутантты фор­маларды пайдалану арқылы генетикалық әртүрлі­лікті арттыру, өңірдің қатал климатына төтеп бере алатын және күзгі суыққа ұрынбай ерте өнім беретін мүлдем жаңа ген көздерін жасап шығуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, ғалымдар тарының генін зертханада сәл өзгерту арқылы, оның солтүстіктің қысқа жазына үлгеріп, тез пісетін жаңа «супер» түрін жасап шығуды көздеп отыр.
Бұл жобаны сәтті іске асырудың ел экономикасы үшін пайдасы зор. Ол сырттан келетін импортты азайтып, отан­дық нарықты өзіміздің сапалы өніммен алмастыруға мүмкіндік береді. Нәти­жесінде, болашақта отандық кәсіпорындар мен шаруашылықтар өнімді тары тұқымымен толық қамтамасыз етілмек. 

– Ғылыми жаңалыққа қол жеткізу үшін жоба аясында бірнеше нақты міндетті орындау көзделіп отыр. Ең алдымен, ғалымдар зертханада тары тұқымын түрлі химиялық мутагендермен өңдеп, оның ең тиімді мөлшерін таңдайды. Кейін жасу­шалық деңгейде қандай өзгерістер бол­ғанын білу үшін цитологиялық талдау жаса­лады. Одан кейін ең маңызды кезең – Солтүстік Қазақстанның қатал климат­ында ерте пісетін ең мықты мутантты түрлерді бағалап, іріктеп алу. Осыл­айша, алынған жаңа формалар мен бастапқы сорттар гендік деңгейде қалай өзгергенін анықтау үшін моле­кул­алық-генетикалық талдаудан өтеді. Осы жұмыс­тардың соң­ында ең құнды, ерте пісетін түрлер нақты селекция процесіне, яғни жаңа сорт шығару ісіне қосылады. Жоба аясында күтілетін нәтижелер де ауқымды. Тары тұқымын хи­мия­лық жолмен өңдеудің арнайы зерт­ха­налық хаттамасы әзірленіп, бұл зат­тардың жасуша деңгейіне әсері нақтылана­ды. Солтүстік өңірге бейімделген, ерте жеті­летін құнды мутантты формалар бөлініп алынады. Сонымен қатар тарының М1-М3 мутанттық ұрпақтарының гендік өзгер­істері молекула­лық деңгейде дәлелденбек. Осылайша, ғылыми зерттеу негізінде болаша­ғынан зор үміт күт­тіретін, ерте пісетін перспективалы мутанттық форма­лар алынып, селекцияға енгізіледі. Жоба аясында жас­ал­ған өнерта­быстар халықара­лық Scopus және Web of Science базасындағы беделді ғылыми жур­нал­дарда жарияланып, отандық патентпен бекітіледі, – дейді жоба­ның ғылыми қызметкері Айым Ерболқызы.

Ғылым жолындағы осындай толымды еңбек пен заманауи ізденістер мемлекет тарапынан да елеусіз қалмайды. Өз ісіне адал, еліміздің азық-түлік қауіпсіз­дігіне бағалы үлес қосып жүрген жас ғалым Айым Зейнуллина мемлекеттің жас ғалымдарды қолдауға бағытталған арнайы бағдар­ламасы аясында елордадан тегін баспана алып, қоныс тойын тойлады.
Зертханада басталған бұл ізденістер жақын жылдары еліміздің егістік алқаптарында алтын дән болып лықсып, сапалы, глютинозды өз өніміміз нарыққа шығады деген сенімдеміз. Ата-бабаның асы болған қарапайым тарының заманауи superfood-қа айналып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін бекемдеуі – отандық селек­цияның басты жеңісі болмақ. Ал бұл жолда аянбай тер төгіп жүрген жас ғалым­дары­мыздың алар асулары мен бағындырар биіктері әлі алда деп сенеміз. 

А.Бименді

Тэгтер:

тары Айым Зейнуллина