Елорда тазалығын жасанды интеллект бақылайды

Бүгін, 15:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Жаз келіп, күн ыси бастады. Термометр тілі +35°C-тан асқанда, елорда тұрғындары салқындатқышты қосып, үйден шықпауға тырысады. Ал «Астана Тазалықтың» су себетін ауыр техникалары дәл осы шақта аптапқа қарсы «жорыққа» шығады. Күйіп тұрған асфальттың қызуы мен шаңын басқан жүргізушілердің көзі талып, шаршайтыны анық. Осыны ескерген мекеме басшылығы көлік кабиналарына жүргізушінің қимылын қалт жібермей бақылап, денсаулығын күзететін және қажет кезінде оятатын жасанды интеллект көмекші құралын орнатты.

Жасанды интеллект «Астана Тазалық» кәсіпорнының жұмысын түбегейлі өзгертіп, оны заманауи ақылды жүйеге айналдырды. Әсіресе қаланың аптап ыстығы мен қатал қысында бұл технологияның тигізер пайдасы зор. 

– Осыдан бір жыл бұрын жасанды интеллект технологиялары қарқынды дами бастаған кезде біздің кәсіпорында да «адами факторлар мен тәуекелдерді қалай азайтуға болады?» деген сұрақ туындады. Ақпарат­тарды жинау, талдау және жалпы мониторинг сапасын арттыру үшін жасанды интеллект жүйесін қауіпсіздік пен аналитика бағытына қосуды ұйғардық. Бұл жүйені енгізуге 2-3 айдай уақыт кетті. Қазір кәсіпорын бойынша 450-дей техника жұмыс істейді. Біз 100 тех­никаға камера орнаттық. Бұл – жалпы автопарктің 30 пайызын құрайды, – дейді IT маманы Жарас Ахмедия. 

Жаңа жүйе енгізілген алғашқы уақытта қызметкерлер арасында сұрақтар мен түсін­беушіліктер көп болыпты. Көбісі «не үшін керек?», «неге бізді бақылайсыңдар?» деп қар­сылық танытқан. Олар жолда бара жатып көздерін бірнеше секундқа жұмып, автоматтың жұмысын өздері тексеріп көреді. Уақыт өте келе жүргізушілер жүйенің тиімділігіне көз жеткізеді. Шын мәнінде, бұл жүйе жүргізушінің жеке өміріне қол сұқ­пайды. Камера тек үш жағдайға ғана: жүр­гізу­ші ұйықтап кеткенде, темекі шеккенде және смартфон ұстағанда ғана реакция беріп, дабыл жолдайды. Қалған уақытта орталық тек қажеттілік туындағанда ғана тікелей трансляция арқылы бақылай алады.
Жазғы аптап ыстықта, әсіресе түнгі ауыс­ым­дарда ұзақ уақыт рульде отыру адамды тез қалжыратады. Жасанды интеллект жүргізушінің жағдайын нақты уақыт режи-
м­інде бақылап, шаршаса, ұйықтап кетсе неме­се денсаулығы нашарлағанын байқаса, да­был қағады. Ол жүргізушіні дер кезінде сақ­тандырып, қажет болса оятып отырады, тіпті көлік тізгінінде шылым шегу сияқты еңбек тәртібін бұзу жағдайларын да қатаң тіркейді. Бұл – жай ғана бақылау емес, ең алдымен, жұмысшының өмірі мен қала қауіпсіздігіне тиімді.

– Түнгі кезекте көшеде көлік аз, жол бос болғандықтан, бірсарынды қозғалыстан жүргізушілердің көзі автоматты түрде ілініп кетеді. Өткен жылы бізде осындай 6 жағдай тіркелді. Жүйе мұндай сәтте жол апатына жол бермей, адам өмірін сақтап қалды. Жүр­гізушінің көзі ілінген сәтте кабинада өте қатты дыбыстық сигнал ойнап, орындық дірілдейді, бұл жүргізушіні бірден оятады. Одан бөлек, сигнал ойнағаны туралы диспетчерлік орталыққа бірден 3 түрлі жазбадан тұратын хабарлама келеді. Оның біріншісі – жүргізушінің көзі жұмыл­ған сәті, екіншісі – сол уақыттағы көліктің сыртқы қозғалыс видеосы, ал үшіншісі кар­тадағы GPS дерегі бойынша көліктің қандай жыл­дам­дықпен жүріп бара жатқа­ны. Осыдан кейін біз жүргізушімен байлан­ыс орнатамыз. Егер ол шынымен қатты шаршап тұрса, ауысымды ерте аяқтап, үйіне демалуға жіберіледі, – деп түсіндірді Жарас Ахмедия.

Марат Жекенов «Астана Тазалық» кәсіп­орнында 2007 жылдан бері көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. 20 жылға жуық уақыт үзіл­іссіз еңбек етіп келе жатқан маман «жұ­мыс­тың талай кезеңін көрдік, бірақ жасанды интеллект жүйесі бәріміз үшін үлкен жаңалық болды» дейді. 

– Шыны керек, басында бұл жүйеге біраз жүргізуші көндіге алмады. Медициналық тексеруден өте алмай қаламыз деп қорықты. «Қан қысымымыз сәл көтерілсе, жол парағын бермей қоя ма?» деген қорқыныш болды. Алай­да қыстан бері бұл жүйемен жұмыс істеп, оның пайдасын көрдік. Қазір бәрі керісінше, бізге ЖИ-мен жұмыс істеген ұнай бастады. Бүгінде медициналық тексеруден өте­тін 6-7 арнайы автомат тұр. Таңертең жұмыс­қа келгенде электронды жүйеге жақындап, камераға қараймыз, сол сәтте медициналық тексерістен өтіп, жол парағы­мыз автоматты түрде шығады. Содан кейін бірден жолға шығамыз. Ешқандай кезек жоқ, уақыт жоғалтпаймыз. 
Бұл жүйенің қауіпсіздікке берер пайдасы зор. Көлік ішіндегі интеллектуалды жүйе сенімді серігімізге айналды. Менің жолда ұйық­тап кеткен кезім болған жоқ. Алайда назарым жолдан басқа жаққа ауған кезде жүйе бірден «Зейін қойыңыз!» деп ескерту жасайды, – дейді Марат Жекенов.

Жасанды интеллект адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтаумен қатар, жұмысты жос­пар­лау жылдамдығын арттыруда. Бұрын қай техниканың қай уақытта шығатынын, қай жүргізуші қай аумақты тазалайтынын қол­мен есептеп, жоспарлауға жарты сағаттан астам уақыт кететін. Қазір ЖИ мұның бәрін автоматты түрде есептеп, бар болғаны 3 минут ішінде дайын маршрут сызып береді. Ақпарат түгел жүргізушілердің телефонын­дағы арнайы қосымшаға түседі. 
Бұған қоса, барлық техникадағы GPS-навигация маршруттарды дәл қадағалап, тапсырмадан ауытқымаса, жанармай дең­гейі­нің датчиктері құйылған дизель отынын автоматты түрде есептеп отырады. Осындай темірдей тәртіп пен қатаң бақылаудың арқасында кәсіпорын жанармай шығынын жыл сайын 10 пайызға дейін үнемдемек. Тіпті қазірдің өзінде қазынаға 300 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылып, техни­каны мақсатсыз пайдалану мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері толықтай жойылған. Электронды жол парақтары GPS жүйесімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Көліктерге тек GPS ғана емес, арнайы теле­ма­ти­калық датчиктер орнатылған. Компью­тер көліктің қай жерде келе жатқанын, жылдамдығын, щеткаларының қосулы не өшірулі екенін және жолға қанша реагент (тұз, қоспа) себілгенін көрсетіп отырады. Техниканың жолды шынымен тазалап жатқанын немесе көліктің жай ғана бос жүргенін тіркейді. Бұл жұмыстан жалтаруды, отынды бейберекет жұмсауды болдырмайды. Тұрғындардан iKomek 109 қызметінен шағым түссе, диспетчерлер ЖИ көмегімен сол аумаққа ең жақын жүргізушіні жедел бағыттай алады.

– Бізде жасанды интеллект екі негізгі бағытта дамып жатыр. Біріншісі – қауіпсіздік болса, екіншісі – талдау мен болжау жүйесі. Осыдан бір жыл бұрын басталған «Электр­онды жол парағы» жобасы қазір 95 пайызға аяқталды. Осы жүйе арқылы біз GPS дерек­терін, медициналық тексеріс қорытындысын, техникалардың қай аудандарға кеткенін және жұмыс сапасын бақылап отырмыз. Болашақта жасанды интеллект көмегімен негізгі ақпараттарды пайдалана отырып, қай ауданға орташа есеппен қанша техника шығару керегін нақты есептеуді, жүргізу­шілердің жұмыс тиімділігіне жекелей талдау жасауды және техникалардың оңтайлы санын анықтап, резервтегі жүргізушілер мен реагенттер қорын нақты болжай аламыз. Сонымен қатар бұл жүйені қойма логисти­касына енгізуді қарастырып жатырмыз. Жүйе қосалқы бөлшектердің шығынын санап, мысалы, «қоймадағы 500 дана А4 парағы 2 айға жетеді, ал 3 айға осынша дана қажет» деп алдын ала есептеп, бізге цифрлық ассистент ретінде көмектесетін болады, – дейді орталықтың IT маманы Жарас Ах­медия. 

Қызметкерлердің сенімді серігіне айналған жасанды интеллект құралдары интернетке тәуелді. Байланыс нашарлап, үзілетін жағдайлар да кездеседі. Мұндайда құрылғылар барлық ақпаратты өзінің ішкі жадына сақтай береді де, байланыс қайта орнатылған сәтте барлық деректерді дис­петчерлік жүйеге автоматты түрде жолдай­ды.
«Астана Тазалықтың» тәжірибесі цифр­ландырудың коммуналдық салада қанша­лық­ты тиімді екенін дәлелдеп отыр. Жасан­ды интеллект пен заманауи технологиялар кәсіпорын жұмысының ашықтығын арт­тырып, бюджет шығындарын оңтайлан­дырып қана қоймай, елордамыздың таза, қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз етіп келеді.
Жасанды интеллект адам еңбегін ысы­рып тастаған жоқ, ол еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз етіп, кәсіпорынның ішкі шы­ғын­дарын оңтайландырды және қала тұр­ғын­дарының сұранысына жедел жауап беретін икемді жүйе қалыптастырды. Бұл жүйе Қазақстанның басқа өңірлеріндегі коммуналдық шаруашылықтарды модерни­зациялауға негіз бола алатын дайын модель десек қателеспейміз.

Тэгтер:

жасанды интеллект Елорда тазалық