Бала күннің елесі

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan IPW

Мен туған жылы оқуға да түспеген әкемнің баспанасы болмай, қала шетіндегі бір орыстың жертөлесін жалдап, жақұт жырларын жазып жатқан шағы екен. Бір сөзбен айтқанда, мен әкемнің тап осындай шабыты тасып тұрған шағында өмірге келіппін.

Әкем де, шешем де қолы ашық жандар. Сылтау іздеп, жиі-жиі үйге қонақ шақырады. Әрине, туыстары, дос-жарандары, жерлестері келген соң, өлең оқылып, ән шырқалып, күй тартылады. Түні бойы көршілердің мазасын алады. Ертеңіне көршілер үй иесіне шағым­данып, пәтерді босатуларына тура келеді.  
Пәтерді жиі ауыстырып жүрген әкемнің көңілі көк дөнендей болғанымен, қолы  қысқа. Сараң адам ғана теңгенің қадірін біледі, ал жомарт адам үшін ақша мен шашы­л­ып жатқан қоқыс қағаздың құны бірдей. 
Оның үстіне қолына қарға тышып, тиын-тебен тапса суша шашып жіберіп, ақша ұстай алмайтын мәрттігі бар. Университетті бітірмек түгіл, оған әлі түскен де жоқ. Жоға­ры білімсіз тәртібі темірдей ол заманда ай­лы­ғы дұрыс, жақсы жұмысқа тұру мүмкін емес.  
Әкемнің жұрт қатарлы оқуға түсіп, оны құрдастарымен бірге бітіріп шығуға лайық білімі де, білігі де бар-тұғын. Бірақ оған кін­-
әлі – тағы да өзі. Университетке түсерде емти­хан алушылар «Шығарманы өлеңмен жаз­баң­дар. Өлеңмен жазған балаға бірден екі қоямыз» деп қатаң ескерту жасапты. Олар­дың мұндай ескерту жасағанына ол пысқыр­май, қайта қырсығып, мінез көрсетіп, шы­ғар­масын бастан-аяқ өлеңмен жазып шы­ғып­ты. Тіпті ол аздай, шығарма соңына «құласам өлеңнен құлайын!»  деп жазып жіберіпті. Темірдей тәртіпке бағынатын ол заманда ақынның мінезі кімге керек? Емтихан алушылар құлатып жіберген. 
Әйткенмен, «айдағаны бес ешкі болғаны­на» қарамастан әлі бір жыр жинағы шықпа­ған мінезі тентек сары жігіт алпысыншы жылдары әдебиетке найзағайдай жарқылдап, күндей күркіреп, ақ жауындай төгіліп кел­ген, өзінен бір итжейдені бұрын тоздырған талантты толқынның ішіндегі ең мықтыла-
р­ын мойындатып үлгеріпті. Ақселеу ағасы «ақынсың» деп арқасынан қағып, өлеңдерін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетіне үзбей жариялап тұрып­ты. Оралхан мен Қалихан ағалары өлеңдегі еркіндігіне, төгілген тіліне тамсаныпты. Алғырлығын қарасайшы. Анау-мынау емес, өзінен он жас үлкендігі бар Мұқағалидың мықты ақын екенін бірден танып, арасынан қыл өтпейтіндей дос болып алыпты. Ол тіпті ащы судан ұрттамаған кезінде мінезі майдай сары інісін үйіне ертіп апарып, таң атқанша қымызға тойдырып, өлеңдерін оқытқызып рахатқа батататын көрінеді. Бір күні ол Мұқағали ағасына он үш жасқа толғанда жүрегінен жыр нөсері болып төгілген «Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі, келдің бе?» деген тырнақалды туындысын оқып береді. 
Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі, келдің бе?
Сағынған дала бусанып қоя берді ғой. 
Сағынған аспан сен келген күні теңбілдеп,
Сәулесіменен сары адырларға төнді ғой. 

Сен дағы келдің, көктем де келді 
қаз-қалпы,
Біздегі жанар бәрін де көріп үлгерсе. 
Екеуміз енді қызықтаймыз ғой жаздарды,
Көз жұмғандар да, көз жұмғандар да бір көрсе.
   
Көре алмай ма екен, қайғырмай-ақ қой, жасыма,
Бұл дүние тек тірілердің отаны.
Сен келеді деп қабірлердің де басына 
Қайырымды қолдар су тоқтар жасап жатады.

Пендеміз ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ,
Сені де кейде үркіткен көздер болып жүр.
 Елемеші оны, қасиетті құсым көз жұмсақ,
Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр. 
Өлеңін оқып жатқанда толқып кеткен Мұқағали ағасы оны қапсыра құшақтай алып, «Әй, сары бала. Поэзияда менің ешкім­нің алдында иілмейтінімді білесің ғой. Не болса да сенен қорқам. Сенің тілің күннен-күнге шығып келеді, менікі ішіне кіріп бара­ды» деп ерекше тебіреніп, бір кесе қымызды өз қолымен толтырып құйып беріпті. Дала­ның қымызынан гөрі, сөздің қымызына мас болған әкем Мұқағалидың берген бағасына масаттанып, түні бойы ұйықтай алмай дөң­бек­шіп шығыпты. 
Бірнеше күннен кейін оның өмірінде тағы да бір ертегіге бергісіз ұлы оқиға бола­ды. Ол достарынан әскери міндетін өтеп кел­ген жас жазушы Әбіш Кекілбайдың Ал­маты­да жүргенін естиді. Ойға толы көздері үнемі күлімдеп тұратын, әр сөзінің астар­ында қорғасындай ауыр салмақ жататын Әбіш­тің әңгіме-хикаяларын ол мектепте жүрген кезде оқыған. Содан бері мінезінде бір керемет кеңдік, бүкіл әлемді құшағына сыйғызып жібере алатын, ойларында даладай дархан­дық бар көшелі азаматты бір көріп, өз құла­ғы­мен әңгімесін тыңдауды  біраз жылдан бері армандап жүрген-тұғын. Мына жаңалықты ести салысымен, қолтығына бір дәптер өлеңін қыстырып, тай-құлындай тебісіп бірге өскен досы Серік Тұрғынбековті ертіп алып, сау етіп үйіне жетіп барады. Дәл осын­дай беймезгіл уақытта қазақтың екі мықты ақынының өзін іздеп үйіне жетіп келетінін Әбіш те күтпеген болуы керек. Са­сып қалып, үйіндегі бардың бәрін алдарына тосып, екі ақынды қонақ қылып күтеді. Түні бойы сыр шертіліп, неше түрлі әңгіме-хикая­лар айтылады. Жаныңды тебірентіп, сезімің­ді майдай ерітіп жіберетін лирикалық жыр­лар оқылады. Риза болған Әбіш «Ақын екен­сіңдер» деп арнайы іздеп келген інілері­нің арқаларынан қағып, батасын береді. Сол күннен бастап әкем енді өлгенше осы қаладан кетпеуге өзіне-өзі серт береді. 

***  
Мен туған жылы әкемнің ағасы Бақты­бай әскери қызметін өтеп Торғайға келе жа­тып, жолда Алматыға, үйлі-баранды болған інісіне соғады. Тұрмыс-тіршіліктері­нің мәз емес екенін және оның үстіне біреу­лердің суық жертөлесінде тұрып жатқан­дарын көріп: «Сендер мына баланы өлтіріп аласыңдар» деп оларды ауылға алып кетеді. Әжем баласы мен келінінің елге аман-есен жет­кеніне, немере сүйгеніне жүрегі жарыла жаз­дап қуанып, атымды «Амангелді» қойыпты.
Әкемнің Алматыда тірлігі бар. Азғантай уақыт қана ағайын-туыстарының арасында болып, мені және шешемді ауылға тастап, астанаға кетіп қалады. Шешем бір жыл бойы ауылда қалып, мен емшектен шыққанша сон­дағы мектепте ұстаздық етеді. Әжем де сол кездері, келінінен үш жыл бұрын кенже қызы Кенжегүлді босанған болатын. 
Бір күні шешем жұмысқа кеткенде, тамақ сұрап бақырып жылап жатқан мені қалай жұбатарын білмеген әжем өзінің ем­ше­гін менің аузыма тоса қойыпты. Қома­ғайланып сорып жатқан маған қараған әжемнің емшегі иіп сала беріпті. 
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Сол жылы сиыр бұзаулап, бие де құл­ындап, Құдай біздің шаңырақты бір жа-
р­ыл­қап тастайды. Қол-аяғым ширай бастаған соң әжем біресе уыз, біресе саумал ішкізіп, Алланың берген несібесімен мені асырады.
Бір жылдан кейін шешем де Алматыға кетуге қамданады. Әжем анамның мені әкет­кісі келгеніне көнбейді. Дақпырты дар­дай баласының біреулердің үйінің суық жер­төлесінде тұрып жатқанын естіп-біл­генде, ол ешкімнің сөзін құлағына ілмеген.  
Тірліктің қамымен анам да кетті астанаға. Мен ауылда, әкемнің ағасы Бақты­байдың үйінде қалып қойдым. Туыстықтың тамыры үзілмеуі үшін ағайынды адамдардың бір-бірінің баласын бауырына басуы ол жылдары үйреншікті құбылыс еді. 
Біздің әулетіміздің қара шаңырағы ағайын-туыстың бәріне ортақ үй болды. Келіп-кетіп жатқан адамдарда есеп жоқ-тын. Түрлі шаруамен аудан орталығына сау ете қалған алыс-жақын туыстың бәрі де  біздің үйге түсетін. Бірнеше күн бойы, кейде, тіпті, апталап жататын. Үйдегілердің ешқайсысы да олардан ауылына қашан қайтатынын сұрамайтын. Қанша күн жатқысы келсе де, патша көңілі білетін. Көзімді ашқаннан етегіне жармасып өскендіктен, әжем мені туған балаларынан да артық жақсы көрді. Соны білген мен де көлеңкесіндей болып, әжемнің қасынан қалмайтынмын. Елдегі өлім-жітім, той-томалақтың бәріне де әжем­мен бірге еріп барамын. Кейде ауылдың шал­дары тілі енді шыға бастаған менің сөз­дерімді қызық көріп: 
– Кімнің баласысың, – деп сұрайтын.  
– Әжемнің, – деп мақтанышпен жауап беретінмін мен ондайда. 
– Әжеңнің аты кім? 
– Мәркүл. 
– Әкеңнің аты кім? 
– Ол соғыста жараланып, қаза тапқан. 
    Тістері кетік ауылдың шалдары менің сөзіме мәз-мейрам болып, қарқылдап күліп алатын. Неге күліп жатқандарын түсінбей, мен олардың жүздеріне аң-таң болып қарай­тынмын. 
Үйіміздің төрінде атамның суреті ілініп тұратын. Ағытай атам қара торы адам болған екен. Кейде адам жоқта төргі бөлмеге кіріп, атамның суретіне ұзақ қараймын.  Суреттегі түрінен-ақ оның өмірде қой аузынан шөп ал­майтын момын адам болғаны көрініп тұратын.
Үлкен атамыз Мырзабек елге аты шық­қан атақты ұста болған екен. Біздің үйде ата­мыз соққан, көрген адамның көзінің жауын алатын түрлі бұйым көп еді. Сондай бұйымдардың бірі Мырзабек атам соққан пышаққа жұрттың бәрі қызығатын. Әжем Мырзабек атамның қолынан шыққан бұйым­дардың бәрін де көзінің қарашығын­дай сақтап, қастерлеп ұстайтын. 
Ағытай атам мен әжемнің арасында жиырма жылдай жас айырмашылығы бар. Бойдақ болып ұзақ жүріп алған атамызды туған-туыстары жабылып жүріп, әжемізге үйлендіріпті. Мен кейін өскенде әжеме еркелеп: «Апа, (мен әжемді апа дейтінмін) сіз атамды шын жақсы көрдіңіз бе?» деп сұрай­тынмын.  Сонда әжем «Ол заманда біз махаббат-сахаббат дегенді ойламайтынбыз. Аталарымыз қалай айтса, солай болатын» дейтін де, бір кезде осы сөздерді айтып қойғанына қысылғандай болып «Махаббатта не  жұмысың бар?  Сабағыңды дұрыстап оқы» деп зекіп тастайтын...

***
Әжем үлкен атамыз Мырзабек туралы жиі-жиі әңгіме айтатын. Әулие адам бол­ғанын, совет заманында да бес уақыт нама-
з­ын қаза қылмай оқығанын сөз қылып, үлкен атамды аузынан тастамайтын, жарықтық. Қоғамда бір үлкен өзгеріс болса «Атам солай айтушы еді. Айтқаны келіп жатыр» деп кез келген оқиғаға орай ол кісінің көріпкелдігін мысалға келтіріп отыратын. Сол әңгімелердің бірлі-жарымы кейде еміс-еміс есіме түседі. Әжемнің көзі тірісінде айтқан әңгімелерін диктофонға жазып алмағаныма қазір қатты өкінемін. Өйткені әжем тұнып тұрған шежіре болатын. Жадының мықтылығына таңғала­тынмын. Көзімен көрген оқиғалар­дың болмашы бір сәтін де ұмытпайтын. Тілдің майын тамызып, көркем сөйлейтін. 
Әжемнің айтуынша, Мырзабек атамыз отызыншы жылдары біздің әулетімізді Қазасалғанға көшіріп, ашаршылықтан аман алып қалған. Шығыр жасап, егін егіп, балық аулап, әулетін асыраған. Мырзабек атамның бойында ерекше қасиет болған екен.  Туыс ағайындарымыздың бірінің келіні Дәметкен апамыздың балалары бірінен соң бірі шеті­неп кете берген соң, ол кісі үлкен атамыздың көйлегін сұратып алыпты. Кішкентай сәбиін сол көйлекке орап баққаннан кейін ғана Дәметкен апамыздың балаларының шетінеуі тоқтап, бірнеше перзент сүйіпті. Мырзабек атамыздың белінен туған перзенттері де бірінен соң бірі шетінеп кете берген екен. Аман қалған жалғыз тұяғы  – Ағытай ғана.    
Үлкен атам Мырзабектің де, Ағытай атамның да көзін көрген жоқпын. Біздің әулеті­міздің екі үлкен шалы да мен дүние есігін ашпай тұрғанда өмірден өтіпті.  Ағы­тай атамыз қайтыс болғанда әкемнің жазған бір өлеңі бар:  
Әкем дүние салды,
Артында бір шаңырақ – бір үй қалды.
«Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап,
Көзін жұмбай тіріде кім иланды.
Алтын нарқын кім сезген – «кеш білем» деп,
Ал асылдар ойлай ма «ескірем» деп,
Төсек тартып қалды әкем талай рет,
Ауырғанын ыңырсып естігем жоқ.
Кім әкесін өлімге қия алады,
Тұрды әкемнің қаңырап үй-орманы,
Жемге кеткен қарлығаш қайта оралмай,
Қызылшақа біз қалдық ұядағы.
Біз қозы едік. 
Марқаймай кешігеміз,
Қатты қорықтық, тудық деп несіне егіз.
Айналайын заңынан табиғаттың,
Бір түп көде бар екен – несібеміз!
Шөп тасыған таңменен бірге тұрып,
Бір самаурын шай ішіп, бір кекіріп.
Қашарымыз өлгенде қабақ шытпай,
Қамыты сынса колхоздың жүрді өкініп.
Жалап-жеген колхоздан кәні емес ең,
Жалап-жеген қулармен және егес ең.
Қайран әке, мінезің қызық еді, 
Бала емес ең, әрине дана емес ең.
Жарқ етті лағыл – арың,
Жарығыңа зәрумін, жанығамын.
Сағынамын, әке, мен сағынамын,
Әке болып қалыппын, не қыламын?!.
Бала күнімде әкемнің аталарыма арнап жаз­ған өлеңдері мен әжемнің айтқан әңгіме­лері арқылы ғана мен ол кісілердің қандай адамдар болғанын қиялыммен болжайтын­мын­. Мырзабек атам көзі көк, бойының кішкентай­лы­ғына қарамастан, қолдары өте қайр­ат­ты адам болыпты. Қамшымен өгізді бір салып, бас сүйегін қақ айырып жібергенін ауылымыз­дың ақсақалдары аңыз қылып айтатын. Жалпы, ол кісінің әулиелігі, көріпкелдігі, барма­ғы­нан бал тамған шеберлігі жайлы хикаяларды әжем бар ынтасымен беріліп суреттей­тін. Мен сол ғажайып әңгіме­лерді түннің бір ортасына дейін діңкем құрып шаршап, көзіме ұйқы тығыл­ғанша әжемнің қой­нына жатып алып тыңдай беруден жалық­пай­тынмын. Үйдегілер «көп нәрсені ойынан қосып алады» деп әжем­нің кейбір әңгіме­леріне аса сене қоймай­тын. Мен ғана әжем айтқан хикая­лар­дың еш қос­пасы жоқ шын­дық екеніне имандай иланатын­мын. Тіпт үлкен атамның өзенді кері бұрып жіберетін қасиеті бол­ғанына да шүбә келтірмейтін-
мін. 
 
***
Есік алдында топырақты шашып, алаңсыз ойнап жүр едім, әжем шақырып алды. Шаң-шаң болған киімдерімнің бәрін шешіп тастап, легеннің үстіне тұрғызып, басымнан су құйып, сабынмен денемді ысқылап, әбден жуындырды. Сыртының боя­уы оңа бастаған дәу ескі сандығын ашып, ішінен судай жаңа көйлек пен шалбарымды, қоңыр бәтеңкемді алып кигізді. Сандығының түбінен құрт пен кәмпит алып, қалтама салып берді.  Көйлек-көншектерін жинас­тырып, өзі де жол жүруге қамдана бастады. 
Түске таман бір жеңіл көлік тоқтай қал­ды, үйдің алдына. Ішінде Бақтыбай көкемнен басқа мен аса жыға танымайтын тағы да бір-екі адам бар.  Апам екеуміз артқы жағына жайғасқан соң, көлік қозғалып, Арқалыққа жүріп кеттік. 
Өмірімде тұңғыш рет үйден шығып, алыс жаққа сапар шегіп барамын.  Әжемнің алдында отырған мен әлсін-әлсін терезеге қарай басымды созып, сыртқа көз тастап қоямын. 
Шексіздігінен сағымның өзі адасатын, ұшы-қиыры жоқ даланы бірінші рет көруім. Тамыз айының аяғы-ау, деймін, Табиғат-Ананың ең әдемі көйлектерін киіп, құлпыр­ған шағы. Албарбөгет ауылынан асқан соң көлігімізді тоқтатып, бәріміз сыртқа шығып, құрысып қалған қол-аяғымызды жаздық.  
Бақтыбай көкем мен шопыр жігіт екеуі ауыздарынан түтіндерін будақтатып, шылым шегіп тұр. Әжем жанымыздағы бізбен бірге қалаға бара жатқан кісілерге тоқтаған жері­міз­дің тарихын таныстырып, әңгіме айтып тұр. 
Мен аузым аңқиып, сұлулығын тілмен суреттеп жеткізе алмайтын теңіздей толқы­ған далаға таңырқай қарадым. Желмен тер­бел­ген ақ селеулер бір әсем әннің әуеніне билеп тұрғандай теңселеді. Сона-а-у алыстан бозторғайдың шырылы еміс-еміс құлағыма естілді. Кенет әлдеқайдан бір дала тышқаны шыға келіп,  екі аяғын көтеріп, жүрегі зәр түбіне кете жаздаған мені біраз тамаша­ла­ғандай болды да, шөптің арасына зыта жөнелді. Ніл көк аспанға қарап едім мекенін тастап, жылы жаққа кетіп бара жатқан құстардың тізбегін көзім шалды. Туған жерін қимағандай біраз уақыт айналып жүрді де, ұшып кетті. Алыстаған сайын құстардың тізбегі қара ноқатқа айналып, көзден жоға-
л­ып бара  жатты. Тап осы сәтте жүрегімді бір аяулы сезім шымшып өтті.  
Арқалық қаласына ымырт үйіріліп, қас қарая бастаған шақта келдік. Кеш батса да көше­лері самаладай жарқыраған шаһарды көзіммен көргенімде көңіл күйімді бір ғажайып сезім әлдилегендей болды. Бірнеше күн бұрын мені ұйықтатар алдында әңгіме­леп берген әжемнің ертегісінде суреттелетін сұлу қалаға келіп түскендей халді басымнан кешіп тұрмын.  
Көлігіміз көп қабатты бір үйдің жанына келіп тоқтады. Дәліздегі есіктің алдынан бізді әкемнің немере ағасы Айдарбектің жұбайы Жамал мен үлкен қызы Қазия қарсы алды. 
Дабырлап үйге кіріп, үшінші қабатқа көтерілдік. Төргі бөлмеде дастарқан жайып қойыпты. Үсті толған неше түрлі тамақ пен жеміс-жидек. Ас бөлмеден,  ашып келген қарнымызды одан бетер шұрылдатып жіберген еттің иісі келді мұрныма. 
Жамал апамыз мінезі ашық, өте пысық, екі бетінен қан тамған көрікті кісі екен. Қимылы ширақ. Ауылдың адамдарындай емес, бәрімізбен де емен-жарқын сөйлесіп, көңілімізді тапқысы келіп, бәйек қағып жүр. 
– Немереңіздің бауы берік болсын, апа! Мол жігіттің  (әкемді ол кісі мол жігіт дейтін) газет-журналдардан жазғандарын оқып тұрамыз. Балаңыз үй алды ма? – деп жылы сөздерімен, әжемнің іші-бауырына кіріп барады. 
– Әй, айналайын! Сол балам маған әбден уайым болды. Казитке жолама деп қанша айтсам да көнбеді. Бұл заманның балалары әке-шешенің айтқан ақылын тыңдаушы ма еді? Өзімен бірге оқыған балалардың бәрінің ауылда қазір үйі бар. Қолымызға су құюға жарамайтын мұрынбоқтардың бәрі де шеттерінен дардай бастық. Ал біздің бала болса өлең жазып, суретінің казитке шыққанына мәз, – деді әжем кейіп. 
– Ой, апа, олай демеңіз. Мол жігіт әлі-ақ Торғайды ғана емес, бүкіл қазақты мойын­датқан ақын болады. Айтпақшы, немереңіз­дің бауы берік болсын! Атын кім деп қойдыңыздар? 
– Басқа ат құрып қалғандай Мағжан деп қойыпты ғой...
***
Cүт пісірім уақыттан соң ет түсіріліп, қонақтар қолдарын жуып, тамақ жеуге кірісті.  Айдарбек көкем көзінің қиығымен ма­ған күлімсіреп қарап қояды. Ол кісіні тап осын­дай жақыннан тұңғыш рет көруім.  Ұзын бойлы, ат жақты, көркем кісі екен.  Көп сөйлемейді. Тұйық. Мінезі туған ағасы Қами­қанға мүлде ұқсамайды. Қамиқан көкеміз үлкенмен де, кішімен де әзіл-қалжыңы жарасып, емен-жарқын сөйлесе беретін, аузын ашса ар жағынан кіршіксіз таза жүрегі көрініп тұратын, ақкөңіл адам. 
Арқа-жарқа болып қалған ағайын-туыстың әңгімесіне бөгет жасамауымыз үшін Жамал апам бізбен қалаға еріп келген Бақты­бай көкемнің үлкен қызы Бақыткүл, өзінің қызы Қазияны және мені  ас бөлмеге шыға-
р­ып жіберді де, сол жерден тамақ берді.  Көр­ген бетте бірін-бірі бұрыннан танитындай шүйіркелесіп, екі қыздың әңгімесі тез  жараса қалды.  Тамаққа тойған соң, менің ішім пысты. Көзім – терезеде, ойым – далада.  
Айтпақшы, әңгіме қызығын қуып оқырманды Бақыткүлмен таныстыруды есімнен тарс шығарып алған екенмін ғой. Ол  менен үш жас үлкендігі бар,  сары қыз.  Ұқыпты, бір затын шашау шығармайды. Үстінде өзінің келбетіне әдемі жарасқан, етегі желбіреген сарғыш көйлегі бар. 
Төргі бөлмеде тамақ ішіп отырған әжем қайта-қайта біз жаққа көзінің қиығын  салып қояды. Әрине, әжемнің зор уайымы –  мен.  Немересінің мінезін бес саусағындай білетін ол менің көшеге шығып, үлкен қалада адасып кетуімнен қатты шошып отыр. Шындығында да, әжем тектен-тек секемден­бепті.  Туған-туыстың әңгімесінің көрігі қызып, бізді ұмыта бастаған шақта, жұрттың көзін ала беріп, ешкімге білдірмей, зып етіп, далаға шығып кеттім. 
Күн ұясына батқанымен көшенің шам­дары жанып, үйдің алды самаладай жарқы­рап тұр. Кішігірім күндей жан-жағына сәу­лесін шашқан көше шамдарына таңыр­қап, аузым аңқиып қарадым. Әсіресе, сонау бір алыстағы зәулім үйдің жанындағы шамдар­дың жарқылы ерекше жайнап, көздің  жауын алғандай болады. Жақыннан көргім келіп, сол жаққа қарай жүре бердім.  
Қасына келдім. Апамның қолындағы алтын сақинасындай жалтылдап, менің көзімді алыстан арбаған нәрсе дүкеннің шамдары болып шықты.  Ауылдағыдай емес, адамдар қалада қараңғы түссе де көшеде жүре береді екен.  Қайта қала тіршілігі күн батқан соң қызатындай ма, қалай? Дүкеннің алдындағы ауладағы орындықта  бірнеше адам отыр. Мен білмейтін бір тілде ән шыр­қап, қолдарындағы стақандарын тап бір үй­де отырғандай соғыстырып қояды. Қы-
з­ық­тап, қастарына бардым. Дауыстары дабырлап, мәз-мейрам болған олар мен жақ­қа мойындарын бұрып қараған да жоқ. 
Үйден шыққанда ет қызуымен байқамап­пын. Дала салқын екен. Жазғы көйлектен ызғар өтіп, денем тоңазып кетті. Үйге қайтқым келіп, қайда барарымды түсінбей, жан-жағыма алақ-жұлақ қарадым. Оң жа­ғым­да да, сол жағымда да, артымда да, алд­ымда да қаптаған қабат үйлер. 
«Апа» деп бақырып жылап жібергенім есімде. Жаңа ғана кешкі думанның қызығына батып, мәз-мейрам болып жатқан адамдар­дың жаныма қаумалап, түсініксіз бір тілде менен бір нәрсені сұрап жатқаны жадымда сақталып қалыпты. Еліктің лағындай ойнақ­шып тұрған, секпіл бет сары қыздың айғай­лап, көше кезіп жүгіріп кеткенін көзім шалып қалды. Бір кезде жаңағы қыздың соңынан ілесіп келе жатқан әжемнің сұл­басы көрінгенде, одан бетер бақырып, оған қарай сүріне-қабына жүгіре жөнелдім. Әжем мені бауырына басып құшақтап, жылап жіберді.
– Құлыным-ау, көліктің астына түсіп қалды ма деп зәрем зәр түбіне кетті ғой. Әй, менде де ақыл жоқ. Сонау Алматыға ертпей-ақ, ауылға тастап кетуім керек еді, сен жүгірмекті. Қол-аяғың тастай ғой. Ең бол­мағанда, жылы да киініп шықпапсың үйден. 
Біраз уақыттан кейін бойындағы үрейі басылған соң:
– Сені ме, сені. Алматыға жеткеннен кейін тастап кетемін әкең мен шешеңе, – деп ұрса жөнелді...
 

Тэгтер:

Ақын Кеңшілік Мырзабеков