Жаңа қаржы құралына жол ашылды

Бүгін, 14:30 / Ербұлан Қайрат
сурет: Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

Осы аптада Astana International Exchange (AIX) биржасында Қазақстан Республикасының тәуелсіз панда-облигацияларының дебюттік шығарылымына арналған салтанатты листинг рәсімі өтті. Осылайша, еліміз алғаш рет Қытайдың ішкі қаржы нарығында юаньмен облигация орналастырып, халықаралық капитал нарығындағы ауқымын кеңейтті.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, панда-облигациялардың көлемі –3,4 млрд юаньды, ал кірістілік мөлшерлемесі – 1,9 пайыз. Бұл Қазақстанға ғана емес, халық­аралық нарыққа да маңызды көрсеткіш саналады. Ел облигацияларды Қытай қор нарығында BBB рейтингі бар мемлекеттер арасындағы ең төмен мөлшерлемемен орналастырып, сонымен қатар АА рей­тингі бар елдердің деңгейіне жақын нә­тиже көрсетті. Мұндай төмен мөлшер­леме инвестор­лардың Қазақстан экономи­касына және елдің қаржы саясатына деген сенімін білдіреді. Сонымен қатар бұл Қытай қаржы нарығынан капитал тарту құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды ерекшелік Қазақ­станның Bond Connect инфрақұры­лы­мын пайдалануы болды. Бұл жүйе халық­аралық инвесторларға Қытайдың ішкі банкаралық облигациялар нары­ғына (China Interbank Bond Market – CIBM) қол жеткізуге мүм­кіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, аталған инфрақұрылымға қосылу Қазақ­стан мен Қытайдың қаржы нарықтары арасындағы ықпалдастықты күшейтіп, қазақстандық инвесторлар үшін әлем­дегі ең ірі борыштық нарықтардың бір­іне шығуға жол ашады.
Қаржы министрлігі панда-облига­ция­лардың табысты орналастырылуы екі ел арасындағы қаржылық ынты­мақтастықты тереңдетуге негіз болаты­нын айтты. Бұл алдағы уақытта Қытай капиталының Қазақстан нарығына келуін жандандырып, жаңа бірлескен қаржы құралдарының пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Салтанатты рәсімге Қаржы министр­лігінің вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, AIX биржасының басшылығы, сондай-ақ мәміленің жетекші андеррайтерлері мен серіктестері қатысты. Олардың қатарында China International Capital Corporation, Industrial and Commercial Bank of China, China Construction Bank Astana, Teniz Capital Investment Banking АҚ және Қытайдың Lianhe рейтинг агенттігінің өкілдері болды.

Тэгтер:

жаңа қаржы құралы панда-облигация