Криптонарықтың әлеуеті зор

Бүгін, 14:15 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: istockphoto.com

Криптовалюта мен цифрлық активтер төңірегіндегі пікір­талас әлемде «рұқсат беру керек пе, тыйым салу керек пе?» деген диллемманың шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Қазір басты мәселе бұл нарықты қалай тиімді реттеп, экономика өсімі мен инвестиция тартудың көзіне айналдыра аламыз деген сұрақтың жауабын табуға қарай ауысты. Біз де өз стратегия­мыз­ды айқындап келеміз. Кейінгі бастамалар елдің цифрлық қаржы индустриясын дамытуға ғана емес, қаржы нарығының жаңа архитектурасын қалып­тас­тыруға бағытталғанын аңғаруға болады. Бұл қандай бастамалар? Шолу жасап көрейік.

Қаржы нарығы жаңа кезеңге аяқ басты

Әлемде цифрлық актив нарығы қар­қын­ды дамып келеді. Криптовалюта, токен­делген актив пен блокчейн технологиясы дәстүрлі қаржы жүйесінің баламасы ғана емес, оның жаңа даму бағыты ретінде қарастырыла бас­тады. АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Синга­пур мен Еуропаның бірқатар елі осы секторға инвестиция тар­тып, арнайы құқық режимін қалыптастыру арқылы жаһандық капитал үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қазақ­стан да бұл үрдістен шет қалмай, цифрлық қаржы индустриясын экономика өсімінің жаңа қозғаушы күшіне айналдыруды көздеп отыр. Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапарымен барғанда қаржы нарығының терең трансформация кезеңіне аяқ басқанын айтты. Бұл ретте жаңадан салынатын Ала­тау қаласы цифрлық активтерді дамыту мен жаңа қаржы архитектурасын қалып­тастыру­дың стратегиялық алаңына айнал­мақ. Пре­зиденттің айтуынша, бұл баста­малар еліміз­дің қаржы секторын жаңғыр­тып қана қой­май, Қазақстанды өңірлік цифр­лық хаб ретінде орнықтыруға мүмкін­дік береді.
– Қазақстан қаржы нарығы қарқынды трансформация кезеңінде тұр деуге болады. Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы финтех индус­трия­сын дамытуға ықпал етеді. Бұл орайда Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш крип­тоқала ретінде маңызды рөл атқарады. Осы саланы дамыту үшін қысқа мерзімде ар­тық кедергілерді жойып, жаңа қаржы құрал­дарын іске қосу қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы цифрлық актив нарығын дамыту үшін артық қағаз-құжат кедергілерін азайтып, жаңа қаржы құрал­дарын жедел іске қосудың маңызды екеніне де тоқталды. Сондай-ақ цифрлық активтер­дің құқықтық мәртебесін нақты айқындап, криптоактивтерді мүлік ретінде тану қажет. Бұл инвесторлардың құқығын қорғауға, нарықтағы белгісіздікті азайтуға және цифр­лық активтердің заңды айналы­мын кеңейту­ге ықпал етеді. 
– Цифрлық активтердің нақты құқық­тық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек. Бұл жүйеде цифр­лық теңге негізгі рөл атқарады. Халық­аралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қала­сында цифр­лық активтер операциясына және жергі­лікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөл­дік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құқық­тық жағдай жасалуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзінде нақты секторды ток­енизациялау мәселесіне де ерекше тоқ­тал­ды. Оның пікірінше, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым нысандары мен шикі­зат активтерін цифрлық форматқа көшіру жоба­ларын жеделдету қажет. Бұл дәстүрлі активтерді бөлшектеп инвести­циялау мүм­кіндігін кеңейтіп, капитал нарығын қолжетімді ете түседі.
– Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, ин­фра­құрылым нысандарын, шикізат актив­терін токенизациялау жобасын жүзеге асыру­ды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нары­ғын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Токенизация әлемдік қаржы индус­трия­сындағы ең болашағы зор бағыттың бірі сана­лады. Сарапшылардың бағала-
у­ынша, алдағы жылдары триллиондаған долларлық активтер цифрлық форматқа көшірілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның бұл процеске ерте кезеңде қосылуы елдің қаржы секторына қосымша серпін беріп, жаңа инвестициялық құралдардың қалыптасуына жол ашады.
Сонымен қатар цифрлық активтер нары­ғының тұрақты дамуы қауіпсіздік мәсе­лелерін де күн тәртібіне шығарады. Осы­ған байланысты Президент транзак­цияларды цифрлық сәйкестендіру және ашық мониторингтеу негізінде бақылау жүйе­сін қалыптастыру қажеттігін айтты. Мұндай тәсіл бір жағынан қаржы опера­ция­­­л­арының қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағы­нан инвесторлар үшін қолайлы әрі сенімді орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Осы орайда транзакцияларды цифр­лық идентификациялау және ашық мони­торингтеу негізінде қауіпсіздік пен инвес­тициялық тартымдылық теңгерімін қам­та­масыз ететін бақылау жүйесін іске қосу қажет. Яғни тұтастай алғанда Отанымыз­дың түбегейлі жаңа әрі сапалы өркендеуі туралы сөз болып отыр. Біз елімізді қаржы­лық тұрғыдан дамыту және трансформа­циялау саласында белгілі бір деңгейде революция жасап жатырмыз, – деді Президент.
Бұл бастамалардың ауқымы жекелеген қаржы құралдарын енгізумен шектелмейді. Әңгіме капитал нарығының жұмыс қағида­ларын өзгерту, инвестиция тартудың жаңа арналары мен цифрлық экономиканың жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру тура­лы болып отыр. Сондықтан Президент айт­қандай, бұл белгілі бір саланы жаңарту емес, еліміздің қаржылық дамуындағы сапалы жаңа кезеңнің басталуы ретінде бағалануы мүмкін.
Яғни біз цифрлық активтерге тек тех­нологиялық жаңалық ретінде емес, ұлттық экономиканы жаңғыртудың маңызды құралы ретінде қарай бастағанымызды аңғаруға болады. Егер жоспарланған ре­фор­­малар толық іске асса, Алатау қаласы жаңа қаржы технологияларының өңірлік орта­лығына айналып, Қазақстан цифрлық қар­жы индустриясындағы тың мүмкіндік­терге қол жеткізе алады. 

Цифрлық активтердің айналымы реттеле бастады

Қандай да бір жаңа үрдіс немесе игілікті берік құқықтық негізсіз нәтиже береді деу мүмкін емес. Биыл 1 мамырдан бастап криптовалюталар мен цифрлық қаржы активтерінің айналымы нақты құқықтық негізде жүргізіле бастады. Ұлттық Банк 2026 жылғы 1 мамырдан бастап елімізде цифр­лық активтердің айналымы жүйелі түрде ретте­летінін хабарлады. Бұл ретте «Қазақстан Республикасындағы цифрлық актив­тер туралы» заңына түзету енгізіл-
ген. 
Осылайша, цифрлық активтер айна­лы­мының тұтас құқықтық режимі қалыпта­сады, олар реттелетін ортада қолданылады. Бұған дейін бұл сала негізінен Астана ха­лықаралық қаржы орталығының шең­бе-
р­інде дамып келсе, енді цифрлық актив­терге қатысты реттеу тетіктері бүкіл ел аумағын­да қолданылатын жүйеге айналды.
Жаңа құқықтық режим аясында цифр­лық активтердің негізгі санаттары нақты­ланды. Олардың қатарына байланбаған цифрлық активтер, яғни криптовалюталар, сондай-ақ цифрлық қаржы активтері енгізілді. Цифрлық қаржы активтеріне ақшаға байланған стейблкоиндер, нақты активтерге байланған токендер мен дәстүрлі қаржы құралдарының цифрлық нұсқалары жатады.
Бұл өзгерістердің маңызы тек крипто­валюта нарығын бақылаумен шектелмейді. Цифрлық қаржы активтері капитал тарту­дың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып, инвестициялау тәсілдерін әртараптан­дыруға ықпал етеді. Мәселен, нақты актив­терді токендеу арқылы бұрын ірі инвес­торларға ғана қолжетімді болған жобаларға шағын инвесторлардың қатысуына мүмкіндік туады. Ал цифрлық форматтағы қаржы құралдары мәмілелердің жылдам­дығын арттырып, шығындарды азайтуға жағдай жасайды.
Цифрлық активтерді заңды айналымға енгізудің тағы бір маңызды қыры – нарық­тың ашық болуына жағдай жасау. Бұған дейін көптеген азамат криптовалюталармен шетелдік платформалар арқылы жұмыс істеп келді. Мұндай жағдайда опера­ция­лар­дың қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқығы және даулы мәселелерді шешу тетіктері әрдайым айқын бола бермейтін. Енді цифр­лық активтермен байланысты қызметтер арнайы лицензияланған немесе тіркелген ұйымдар арқылы көрсетіледі.
Осы мақсатта цифрлық активтер қыз­меті провайдерлерінің жаңа институты енгізілді. Оның құрамына цифрлық қаржы активтері платформаларының оператор­лары, цифрлық активтердің сауда платфор­маларының операторлары және қамтама­сыз етілмеген цифрлық активтерді айыр­бастау операторлары кіреді.
Цифрлық қаржы активтері платформа­лары токенделген активтерді шығарады және олардың айналымын қамтамасыз етеді. Сауда платформалары цифрлық қар­жы активтері мен криптовалюталар бойын­ша мәмілелер ұйымдастырады. Ал айыр­бастау операторлары криптовалюта­ларды сатып алу және сату қызметтерін көрсетеді. Соны­мен қатар бұл ұйымдар пайдаланушылар үшін цифрлық әмияндар ашып, активтерді сақтау және есепке алу қызметін атқарады.
Осылайша, криптоайырбастау опера­тор­лары лицензия ала бастады. Ал цифр­лық актив­тердің сауда платформалары мен цифрлық қаржы активтері платформалары арнайы тіркеуге тұрады. Мұндай талаптар нарыққа кездейсоқ немесе талаптарға сәйкес келмейтін қатысушылардың кіруін шектеуге бағытталған.
Реттеудің енгізілуі мемлекеттік орган­дар арасындағы жауапкершілікті де нақты­лады. Ұлттық Банк елімізде жұмыс істейтін цифр­лық активтер қызметі провайдерлері­не ли­цензия береді, олардың қызметін қада­ға­лай­ды және цифрлық активтердің айналымын реттейді. Ал цифрлық қаржы актив­терінің жекелеген сегменттері бойын­ша бақылау функциялары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктелді.
Сонымен қатар Астана халықаралық қар­жы орталығы өз құқықтық режимі ая­сында цифрлық активтер нарығын рет­теу­ді жалғастырмақ. Осылайша, Қазақстанда цифрлық активтерді басқарудың көпдең­гейлі моделі қалыптасып келеді. Бір жағы­нан, ұлттық заңнама негізінде жұмыс іс­тей­тін ішкі нарық дамыса, екінші жағынан, АХҚО халықаралық қаржы орталығы ретінде шетелдік инвесторлар үшін арнайы құқық­тық алаң қызметін сақтап отыр.
Қазір цифрлық активтер жаһандық қаржы нарығының ажырамас бөлігіне айнал­ды. Бір кездері тек технологиялық қауымдастықтың қызығушылығын тудыр­ған криптовалюталар бүгінде инвестиция­лық құрал ретінде де, халықаралық төлем­дер жүйесінің баламасы ретінде де қарас­ты­рылып отыр. Әлемнің көптеген елі бұл нарық­ты толық тыйым салу мен еркін айна­лым арасында қалдырмай, заңнамалық тұрғыдан реттеуге көшті. Біз қабылдаған шешім де осы үрдістің жалғасы деуге болады.
Жалпы алғанда, қабылданған өзгеріс­тер Қазақстанның қаржы секторын цифр­лан­дырудағы кезекті қадам ретінде баға­ланып отыр. Әлемде активтерді токени­за­циялау, блокчейн технологияларын пай­далану және цифрлық қаржы құралдарын енгізу қарқыны күшейіп келе жатқанда, бұл нарықтың құқықтық негізін қалыптастыру стратегия­лық маңызға ие. Заңмен реттеудің арқасында цифрлық активтер саласындағы қызмет анағұрлым ашық әрі қауіпсіз сипат алып, инвесторлардың сеніміне ие болады.
Сонымен қатар цифрлық активтердің аса құбылмалы болуы, киберқауіпсіздік саласындағы қауіп және алаяқтық схемалар сияқты мәселелер әлі де өзекті болып қала береді. Сондықтан реттеудің негізгі мақ­саты нарықты шектеу емес, оның дамуы үшін түсінікті әрі қауіпсіз ережелер қалыптастыру болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, 1 ма­мырдан бастап күшіне енген өзгерістер Қазақстандағы цифрлық эконо­мика инфра­құрылымын дамытуға бағыт­талған маңызды институционалдық қадамның бірі деуге болады.

Дүние-мүлкіңіз цифрлық активке айнала алады

Криптоактивтер күнделікті өмірімізге жаппай ене бастайтын күн де алыс емес сияқты. Қазір криптовалютаны кепілге қойып несие беру, криптосақтандыру қыз­меттерін енгізу және активтерді токениза­циялау бағыттары пысықталып жатыр. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орынба­сары Бинұр Жаленов Алматыда өткен Solana Summit Kazakhstan 2026 форумында мәлімдеген болатын. 
Ұлттық Банктің мәліметінше, қазір жаңа цифрлық қаржы өнімдері арнайы сы­нақ алаңында сынақтан өтіп жатыр. Соның ішінде криптовалютаны кепілге қойып несие беру, криптосақтандыру, цифрлық активтерге арналған қадағалау платфор­маларын құру және түрлі юрис­дикция арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері бар. Сонымен қатар бейресми немесе шетелдік платформаларда орналас­қан капиталды Қазақстанның нары­ғына тарту үшін ынталандыру мен «криптоам­нистия» тетіктерін қарастырып жатыр. 
Мұндай бастамалардың пайда болуы кез­дейсоқ емес. Ұлттық Банктің бағалау­ынша, Қазақстандағы цифрлық активтер­мен жасалатын операциялардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін реттелмейтін кеңіс­тікте жүзеге асады. Ресми сектордағы опера­циялардың көлемі өткен жылы шамамен 10,5 млрд долларға жетсе, рет­телмейтін нарықтағы айналым одан екі-үш есе жоғары болуы мүмкін. Бұл қазіргі жүйенің нарықтағы барлық сұранысты қамти алмай отырғанын көрсетеді. 
Сондықтан реттеуші органдардың негізгі мақсаты криптовалюта нарығын шек­теу емес, оны заңды әрі ашық алаңға көшіру. Бинұр Жаленовтің айтуынша, реттелмейтін нарықтағы барлық қатысу­шыны заң бұзушы ретінде қарастыру дұрыс емес. Керісінше, бұл жағдай ресми инфрақұры­лымның жеткілікті дәрежеде тартымды болмағанын аңғартады және жаңа рефор­малар осы олқылықтарды жоюға бағыт­талған. 
Жалпы алғанда, негізгі мақсат – цифр­лық активтерді қаржы жүйесінің толық­қан­ды бөлігіне айналдыру. Осы себепті цифр­лық активтердің жаңа жіктемесі ен­гізілді. Олар­дың қатарында теңгеге байлан­ған стейбл­коин, токенделген қаржы құрал­дары және басқа да цифрлық активтер бар. Бұл тәсіл Еуропалық одақтағы MiCA ереже­леріне жақын модель ретінде сипатталады. 
Токендеуге де ерекше мән беріліп отыр. Әлемдік тәжірибеде бұл құрал нақты активтерді, яғни жылжымайтын мүлікті, бағалы металдарды, акцияларды немесе облигацияларды цифрлық форматқа кө-
ш­іру­­ге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл инвес­тицияларға қолжетімділікті артты­рып қана қоймай, мәмілелердің жыл-
дам­дығын жоғарылатып, операциялық шығы­нд­ы азайтады. 
Осылайша, қаржы нарықтарының бір­тін­деп блокчейн инфрақұрылымына көшуі әлемдік трендке айналып келеді. Бүгінде көп­теген елде токенизацияланған обли­гациялар шығарылып, стейблкоиндер халықаралық есеп айырысуларда қолда­ныла бастады. Еліміз де осы үрдіске қосыл­ып, цифрлық активтерді тек инвестиция­лық құрал ретінде емес, экономиканың нақты секторымен байланысты қаржы инфрақұры­лымының элементі ретінде дамытуға ниетті. Қазір стейблкоиндер, жыл­жымайтын мүлік, алтын және акция­ларды токенизациялау жобалары сынақтан өткізіліп жатыр. Соны­мен қатар крипто­кар­талар әзірленуде, мем­ле­кеттік бағалы қағаздарды токендеу жоспары да бар.
Бұл бағыттағы тағы бір маңызды мін­дет – криптовалюталарды күнделікті қар­жы қызметтерге жақындату. Болашақта цифрлық активтер инфрақұрылымын төлем жүйелерімен, QR-төлемдермен және дәс­түрлі биржалық алаңдармен байланыст­ыру көзделіп отыр. Нәтижесінде, крипто­валюта тек капиталды шетелге аудару құр­алы емес, ел ішіндегі қаржылық опера­цияларда пайдаланылатын құралға айналуы мүмкін.

Бірнеше жыл бұрын тек тәжірибе ретінде қарастырылған цифрлық активтер бүгінде мемлекеттердің экономикалық стратегиясының бір бөлігіне айналды. Әлемнің жетекші экономикалары қалыптастырып жатқан үрдістерді ескере отырып, біз де цифрлық активтердің құқықтық негізін қалыптастырудан бастап оларды экономиканың нақты секторына енгізуге дейінгі ауқымды реформаларды қолға алып отырмыз. Ал бұл бастамалардың нәтижесі қабылданған заңдар мен жарияланған жоспарларға емес, олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді іске асырылатынына байланысты болмақ. Өйткені цифрлық активтер нарығындағы бәсеке технологиялар мен капитал үшін ғана емес, сенім мен сапалы институттар үшін де жүріп жатыр.

Тэгтер:

криптонарық токен