Бүгінде өнеркәсіптік тәуелсіздік мемлекеттердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты бағыттардың біріне айналды. Соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыстар мен халықаралық жеткізу тізбектеріндегі логистикалық қиындықтар стратегиялық салаларда ұлттық өндірістік базаның болуы қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті.
Қазақстан экономикасы үшін мұнай-газ саласының орны ерекше. Бұл – ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі әрі мемлекеттік кірістің маңызды көзі. Сондықтан мұнай-газ өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тек салалық міндет емес, ұлттық экономикалық қауіпсіздік мәселесі саналады.
Осы тұрғыдан алғанда, мұнай-газ жабдықтарының отандық өндірісін дамыту мен жергілікті қамту үлесін арттыру стратегиялық маңызы бар бағытқа айналып отыр. Өндірісті жергіліктендіру импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, ұлттық өнеркәсіптің орнықтылығын күшейтеді және экономиканың ішкі әлеуетін арттырады. Әлемдік тәжірибе мұндай саясаттың тиімді екенін әлдеқашан дәлелдеді. Мысалы, Норвегия ірі энергетикалық жобаларға жергілікті компанияларды кеңінен тарту арқылы локализацияны табысты дамытып, қуатты ұлттық өнеркәсіп қалыптастырды. Қазақстан үшін де осындай модельдер экономиканы әртараптандыру мен индустриялық тәуелсіздікті нығайтудың маңызды бағдары болып отыр.
IMBC – жаңа индустриялық экожүйенің өзегі
Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) бүгінде Қазақстанда жаңа индустриялық экожүйе қалыптастырып жатқан негізгі даму институттарының біріне айналды.
Орталықтың басты мақсаты – отандық өнеркәсіпті еліміздегі ірі мұнай-газ жобаларының жеткізу тізбегіне жүйелі түрде енгізуге қолдау көрсету.
IMBC Қазақстан Үкіметінің және Теңіз, Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарының ірі операторларының бастамасымен құрылды. Бұл жобалардың акционерлері қатарында ҚазМұнайГаз, Chevron, Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex, Lukoil секілді үздік халықаралық корпорациялар бар. Бұл халықаралық тәжірибеде алғаш рет жүзеге асырылып отырған және сирек кездесетін бірегей ынтымақтастық үлгісі деуге болады.
IMBC мемлекеттік органдарды, мұнай-газ операторларын және отандық тауар өндірушілерді бір алаңға біріктіріп, жергілікті өндірісті дамыту мен технология тартуға қажетті жағдай қалыптастырып отыр.
Орталық жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – қазақстандық өндірушілер мен инвесторлардың ірі операторлардың тауарларға деген қажеттілігі және жабдықтарға қойылатын техникалық талаптар жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуі.
Бұл өз кезегінде «экономикалық ауқым тиімділігін» қалыптастырады. Операторлардың нақты сұранысы туралы деректерге сүйене отырып, кәсіпорындар өз өндірісін тиімді жоспарлап, күш-жігерін сұраныс жоғары бағыттарға бағыттай алады, шығындарын қысқартып, өндірістік тәуекелдерін азайтады. Нәтижесінде, бизнестің тұрақтылығы мен болжамдылығы артады.
IMBC тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденді
IMBC моделі тәжірибе жүзінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Оның жұмысына деген нарық сенімі де жылдан-жылға артып отыр.
2025 жылы ҚазМұнайГаздың қолдауымен IMBC құрамына Kalamkas-Khazar Operating, Silleno және KMG PetroChem сияқты перспективалы жобалардың операторлары қосылды. Соның нәтижесінде талданатын тауарлар туралы ақпарат көлемі едәуір ұлғайып, елдегі негізгі жобалар аясындағы сұраныс құрылымын терең бағалауға мүмкіндік туды.
Қазір IMBC құрамына жаңа мұнай-газ операторларын тарту мәселесі де қарастырылуда. Бұл халықаралық орталықтың саладағы рөліне сенімнің күшейіп келе жатқанын көрсетеді және оның Қазақстандағы мұнай-газ машина жасау саласына ықпалын одан әрі арттыруға негіз қалайды.
Қандай жетістіктерге жеттік?
IMBC қызметі нақты практикалық нәтижелермен өлшенеді.Алғаш рет нарыққа үш ірі оператордың тікелей сатып алуларының 80 пайыздан астамын қамтитын 120 мыңнан астам тауар бойынша дерек ұсынылды. Сонымен қатар 160-тан астам тауар бойынша операторлардың ұзақ мерзімдегі әрі жоғары болжамды сұранысы анықталды.
Операторлардың техникалық талаптарын зерделеу мақсатында IMBC мамандары Қазақстан бойынша 300-ден астам өндірістік алаңға барып, өндірістік бағалау жүргізді. Соның нәтижесінде, халықаралық стандарттарға сәйкес өнім шығаруға әлеуеті жоғары 90-нан астам кәсіпорын анықталды. Операторлардың талаптарын ескере отырып, 18 кәсіпорын үшін өндірістік әлеуетті дамыту жоспарлары әзірленді.
Бұл жұмыстардың нақты экономикалық нәтижесі де бар. Кейінгі жылдары IMBC талдаған тауарлар бойынша операторлар жергілікті өндірушілерге жалпы құны 800 миллион АҚШ долларынан асатын 200-ден астам келісімшарт пен тапсырыс орындалды.Сонымен бірге Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобалары операторлары – ТШО, КПО және NCOC сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі 9 пайыздан 16 пайыздан жоғары деңгейге дейін тұрақты өсті.
Бұл нәтижелер мемлекеттік мекемелердің, PSA Өкілетті органның, ірі операторлардың, өндірушілер мен IMBC-дің жүйелі әрі үйлесімді жұмысының жемісі деуге болады.
Сапа мен қауіпсіздік – басты өлшем
Күрделі мұнай-газ жобаларына қатысу үшін кәсіпорындардың жоғары техникалық талаптарға сай болуы шешуші мәнге ие. Әсіресе қауіпті өндірістік ортада қолданылатын мұнай-газ жабдықтарының халықаралық стандарттарға толық сәйкес келуі – негізгі талаптардың бірі. Бұл талаптар аса күрделі кен орындары үшін ерекше маңызды. Сондықтан ASME, API, IEC сияқты халықаралық сертификаттарды алу жай ғана рәсім немесе құжаттық талап емес. Бұл – қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай өнім шығару міндеті.
Сонымен бірге дәл осы сертификаттарға ие болу нәтижесінде, кәсіпорындарға ірі мұнай-газ жобаларына қатысуға және ұзақмерзімді келісімшарттарға жол ашылады.
Алайда мұндай деңгейге жету оңай емес. Салада әлі де бірқатар жүйелі қиындық сақталып отыр. Олардың қатарында инженерлік қолдаудың жеткіліксіздігі, өндірісті жаңғыртудың жоғары құны, технологиялық алшақтық, білікті кадр тапшылығы және заманауи технологияларға қолжетімділіктің шектеулілігі бар. Бұл мәселелерді шешу жабдықтарды жаңартуға, өндірістік процестерді жетілдіруге және персоналды оқытуға қомақты инвестиция салуды талап етеді. Алайда барлық кәсіпорын ұзақмерзімді даму үшін мұндай тәуекелге бара бермейді. Соның салдарынан саланың өсу қарқыны да белгілі бір деңгейде тежеліп отыр.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау
Қазақстанда машина жасау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен іске асырылып келеді. Бұл бағытта QazIndustry, Өнеркәсіпті дамыту қоры және өзге де даму институттары жүйелі жұмыс жүргізуде.
Кәсіпорындарға қосымша мүмкіндік арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар арқылы ұсынылады. Мұнда өндіріс орындарына қажетті инфрақұрылым, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдік қарастырылған.
Осы бағытта IMBC де белсенді рөл атқарып келеді. Атап айтқанда, QazIndustry ұйымымен бірлескен жұмыс нәтижесінде, IMBC бастамасы бойынша халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығындарды мемлекеттік өтеу көлемі бес есеге ұлғайтылды. Бұрын бұл қолдау 3 мың айлық есептік көрсеткішпен шектелсе, бүгінде 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейін жетті. Бұл шамамен 65 миллион теңге немесе 140 мың АҚШ долларына жуық қаржылай қолдау деген сөз.
Бұл – халықаралық сертификат алуға ұмтылған кәсіпорындар үшін елеулі мүмкіндік.
Сонымен қатар IMBC Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру жұмыстарына да қатысып келеді.
Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі – кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін терең талдау. Зерделеу нәтижелері негізінде IMBC мамандары өндірістік процестерді жан-жақты саралап, операторлар талаптары мен халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін тұстарды анықтайды. Осыдан кейін өндірісті жаңғыртуға, халықаралық сертификаттауға, сапа менеджменті жүйесін жетілдіруге және өндірістік құзыреттерді арттыруға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленеді. Мұндай ұсынымдық есептер кәсіпорындарға өз әлсіз тұстарын анықтап қана қоймай, халықаралық талаптарға сай даму жолын айқындауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тәсіл жергілікті өндірушілердің әлеуетін арттырудағы маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Дегенмен саланы дамытудың түпкі мақсаты тек ішкі нарықты қамтамасыз ету емес. Негізгі міндеттердің бірі – қазақстандық өнімнің экспортқа шығуына және жаһандық жеткізу тізбектеріне енуіне жағдай жасау. Бұл халықаралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік база қалыптастыруға орай туғызады. Осы бағытта IMBC QazTrade ұйымымен бірлесіп, ірі операторлармен жұмыс барысында өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеген әрі халықаралық талаптарға сәйкес келетін отандық тауар өндірушілер пулын қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Тағы бір маңызды бастама – халықаралық стандарттарға сәйкес сынақ жүргізуге арналған зертханалық-сынақ орталықтарын құру мәселесі.
IMBC бұл бағытта сертификаттау және техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік институттармен тығыз жұмыс істеп отыр. Қазақстанда халықаралық деңгейдегі сынақ зертханаларының пайда болуы елді өнеркәсіптік сертификаттау саласында өңірде жетекші орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Бұл тек ішкі өндірістің сапасын көтеріп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық өнеркәсіп картасындағы орнын да күшейте түседі.
Технология трансферінің жаңа кезеңі
IMBC қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанға инвестиция тарту және технология трансферін дамыту. Бұл жұмыстың тетігі нақты әрі жүйелі құрылған. Инвестор болғысы келетіндер мен халықаралық өндірушілер өндірісті жергіліктендіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Кейін бұл ұсыныстар мұнай-газ операторларымен бірлесе қаралып, нақты тауарларға деген сұраныс көлемімен салыстырылады және өндіріс ашудың экономикалық әлеуеті бағаланады.
Бүгінде осындай жергіліктендіру бағытында 52 ұсыныс дайындалды. Осы тәсіл арқылы Қазақстанда бірқатар табысты өндірістік жобалар іске асырылды. Олардың қатарында Honeywell (АҚШ), WIKA (Германия), Beruseal (Оңтүстік Африка Республикасы), PetrolValves (Италия) және Slb (АҚШ) компанияларының өндірістерін жергіліктендіру жобалары бар.
Қазір басқа да халықаралық компаниялармен келіссөз жүргізу жалғасуда. Бұл Қазақстанға өндірістік және индустриялық алаң ретінде қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай жобалардың маңызы тек жаңа өндірістер ашумен шектелмейді. Олар технология трансферіне, халықаралық тәжірибені игеруге және жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Мұнай-газ машинасын жасау – мультипликативтік өсім көзі
Мұнай-газ машинасын жасау саласы тек бір сектордың ғана емес, тұтас өнеркәсіптік экожүйенің дамуына әсер ететін мультипликативтік факторға айнала алады.
Бұл сала металлургия, химия өнеркәсібі, логистика және инжиниринг сияқты сабақтас бағыттардың дамуына серпін береді. Жаңа өндірістердің ашылуы білікті мамандарға сұранысты арттырып, техникалық білім мен ғылыми зерттеулердің дамуына жол ашады. Яғни мұнай-газ машинасын жасау саласына салынған инвестиция тек жекелеген кәсіпорындардың дамуына емес, тұтас ұлттық экономиканың сапалы өзгеруіне әсер етеді.
Цифрландыру – жаңа мүмкіндіктер алаңы
IMBC жұмысының келесі маңызды бағыты – цифрлық құралдарды енгізу. Биыл орталық зерттеліп, верификациядан өткен отандық тауар өндірушілердің онлайн-платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл платформа өндірушілерге өз өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктері туралы ақпаратты тікелей жариялауға жағдай жасайды. Ал ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларының операторлары халықаралық стандарттарға сай өнім шығара алатын отандық өндірушілер туралы мәліметке жедел қол жеткізеді. Онлайн-платформаны іске қосу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіп секторына заманауи IT бастамаларды енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Мұндай цифрлық шешімдер нарықтағы негізгі кедергілердің бірі – сұраныс пен ұсыныс арасындағы құрылымдық алшақтықты азайтады. Сонымен бірге ақпараттық теңсіздікті жойып, нарық қатысушылары арасындағы өзара байланысты ашық әрі тиімді етеді.
Нәтижесінде, өндірушілер де, операторлар да шешім қабылдау кезінде нақты әрі өзекті ақпаратқа сүйене алады.
Форум – саланың өсу нүктесі
Кез келген индустриялық саланың дамуы үшін нарық қатысушылары арасындағы тікелей диалог аса маңызды. Осы мақсатта кейінгі жылдары Қазақстанда мұнай-газ машина жасау саласына арналған ірі алаңдар қалыптасып келеді.
2024 жылы Атырау қаласында Мұнай-газ машина жасау форумы және операторлардың Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында мұнай-газ операторлары сатып алатын тауар өнімдерін таныстырып, отандық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Кейін бұл құжаттардың едәуір бөлігі нақты келісімшарттарға ұласты.
2025 жылғы қазанда Ақтауда өткен Мұнай-газ машина жасау форумы мен операторлардың Ашық есік күні бұл жұмыстың жалғасына айналды. Форумға түрлі саланың өкілдері, соның ішінде қазақстандық және шетелдік компаниялар қатысты. Іс-шара барысында операторлардың 100-ден астам техникалық маманы B2B кездесулер өткізіп, сұранысқа ие тауарлардың электрондық каталогтарын және олардың техникалық сипаттамаларын таныстырды, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Форум қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін көрсетуге және әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, жалпы құны 440 миллион АҚШ долларынан асатын 33 келісімшартқа қол қойылды.
Қорытынды: өнеркәсіптік тәуелсіздікке бастар жол
Қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда өнеркәсіптік тәуелсіздік таңдау емес, стратегиялық қажеттілік. Қазақстан үшін бұл бағыттағы басты салалардың бірі – мұнай-газ машинасын жасау. IMBC қызметі көрсеткендей, мемлекеттік саясат, ірі операторлар және жергілікті бизнес күш біріктірген жағдайда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Отандық өндірісті дамыту, халықаралық стандарттарды енгізу және жаңа инвестициялар тарту Қазақстанның индустриялық әлеукүшейтіп келеді.Ең маңыздысы – бұл жұмыс тек қазіргі сұранысты өтеуге бағытталмаған. Ол Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын нығайтып, халықаралық талаптарға сай бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік база қалыптастыруға жол ашады. Сондықтан IMBC қалыптастырып жатқан жаңа индустриялық экожүйе – жекелеген жобалардың жиынтығы ғана емес, бұл – Қазақстанның өнеркәсіптік тәуелсіздігіне бастайтын ұзақмерзімді стратегиялық бағыт.
Дастан ӘБІШЕВ,
Мұнай-газ машинасын жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың (IMBC) бас директоры