Маусым басталғалы бері Павлодар облысында кене шағудың 316 жағдайы тіркелді. Алайда олардың басым көпшілігі денсаулыққа елеулі зардап келтірмеген. Сонымен қатар мамандар кене энцефалитінің екі жағдайын растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, кене энцефалитін жұқтырудың екі жағдайы да облыс аумағында тіркелмеген.
«Бір жағдайда әйел адам кене шаққанын да, оның нақты қай жерде болғанын да есіне түсіре алмады. Одан кене энцефалитіне қан талдауы алынып, диагноз расталды. Ал екінші жағдайда ер адам Алматы облысында болған. Оның жұмысы табиғат аясында жүрумен байланысты болғандықтан, сол жерде кене шаққан», – деді Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова.
Мамандардың айтуынша, екі науқасқа да қажетті медициналық көмек көрсетіліп, олар ауруханадан шығарылған.