Атырау облысының прокуратурасы Жалпыұлттық пулға енгізілген «NURORDA» мектеп-лицейі» ЖШС-нің құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Компания Атырау қаласында 600 орындық жекеменшік мектеп салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Инвестицияның жалпы сомасы 4,5 млрд теңгені құрайды.
Жобаны іске асыру өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Инвестордың өтінішін қарау барысында Атырау қаласының әкімдігі алаңы 1,5 гектар болатын жер учаскесін беруден негізсіз бас тартқаны анықталды.
Бұл ретте бұған дейін Өңірлік үйлестіру кеңесі оң шешім шығарып, бұл жобаны инвестициялық деп таныған болатын.
Прокурорлық қадағалау актісімен заңбұзушылықтар жойылып, сұралған жер учаскесі инвесторға берілді. Жобаны жүзеге асыру қайта басталды.
Жіберілген заңбұзушылықтар үшін кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Атырау облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының бұзылуына тап болған инвесторларды келесі телефон нөмірлеріне: 8 (701) 066-77-22, 8 (778) 555-77-24 немесе 115 Call-орталығына дереу хабарласуға шақырады.