Шымкент базарында заңсыз әкелінген 12 мыңға жуық жұмыртқа тәркіленді

Бүгін, 09:36 / Алуа Арман
istockphoto.com

Шымкент қаласында Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заң бұзушылық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен жұмысы барысында анықталды.

«Жібек жолы» базарында жүргізілген бақылау-қадағалау іс-шаралары кезінде мамандар міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттармен рәсімделмеген жұмыртқалардың сатылымға шығарылғанын анықтады. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 11 850 дананы құрады.

Зертханалық сараптама нәтижелері өнімнің қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты жұмыртқалардың барлық партиясы арнайы құрылған комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды.

Заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, тексеру материалдары тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

Тэгтер:

Шымкент базар жұмыртқа