БҰҰ аптап ыстыққа дайын болуға шақырды

Бүгін, 18:20 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

БҰҰ-ның Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым (WMO) әлем елдерін алдағы экстремалды ыстыққа және климаттық өзгерістердің күшеюіне дайын болуға шақырды. Ұйымның жаңа тоқсандық болжамына сәйкес, 2026 жылдың маусым–тамыз айларында Эль-Ниньо құбылысының қалыптасу ықтималдығы 80%-ға жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың айтуынша, күзге қарай бұл көрсеткіш одан ары өсіп, қарашада 90%-дан асуы мүмкін.

Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі судың қалыптан тыс жылынуынан туындайтын табиғи климаттық құбылыс. Ол жаһандық ауа райына әсер етіп, жел, жауын-шашын және атмосфералық қысым режимдерін өзгертеді. Әдетте мұндай құбылыс әр 2–7 жыл сайын байқалып, 9 айдан 1 жылға дейін созылады.

WMO дерегінше, Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктеріндегі су температурасы қазірдің өзінде Эль-Ниньоға тән шекті көрсеткіштерге жақындаған. Кей аймақтарда мұхит астындағы су температурасы қалыпты деңгейден 6°C-қа жоғары болған.

Ұйым басшысы Селеста Сауло Эль-Ниньо құрғақшылықты, нөсер жауындарды және ыстық толқындарын күшейтетінін айтты. Оның сөзінше, бұл құбылыс ауыл шаруашылығы, су ресурстары, энергетика және денсаулық сақтау салаларына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы айларда әлемнің көптеген бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болады. Африканың солтүстігінде жауын-шашын азаюы мүмкін, Оңтүстік Азияда муссон әлсірейді, ал Орталық Америкада жаз ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр.

БҰҰ өкілдері Эль-Ниньоның салдары климатпен ғана шектелмейтінін атап өтті. Мұхиттың жылынуы әлемдік экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне және халықтың тұрмысына әсер етуі мүмкін.

WMO Эль-Ниньоның нақты күші мен даму мерзімі туралы жаңартылған болжам келесі айда жарияланатынын мәлімдеді.

Тэгтер:

БҰҰ ыстық аптап