Бүгінде Түркістан облысында алимент берешегі 12 млрд теңгеге, ал мемлекет пайдасына өндірілуге жататын берешек 16 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. Прокурорлық талдау барысында мыңдаған атқарушылық өндірістер бойынша нақты өндіріп алу шараларының жеткіліксіздігі, мәжбүрлеу тетіктерінің толық қолданылмауы және борышкерлер мүлкіне уақтылы шектеу қойылмауы анықталды.
Атап айтқанда, 1 млн теңгеден жоғары 3,6 млрд теңге бюджетке төленуге жататын 716 атқару өндірістері бойынша борышкерлердің 846 жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне қандай да болмасын шара қолданбаған. 120 борышкердің атында 170 млн теңге көлеміндегі мүлік тіркелгенімен, оны өндіру шаралары қабылданбаған.
Сондай-ақ 81 борышкердің 200 млн астам теңге алимент берешегі бола тұра, 113 млн теңгеден астам қаржысы букмекерлік кеңселерге кеткені анықталды.
Төлеби ауданында екі заңды тұлғаға салынған 412 млн теңге экологиялық айыппұлдың орындалу мерзімі өтіп кеткен, сондай-ақ бірқатар борышкерлердің мүлкіне қатысты мәжбүрлеу шаралары уақытылы қолданылмаған.