Рейтингте әлемнің 139 экономикасының инновациялық әлеуеті бағаланды. Бағалау барысында институттардың сапасы, адами капитал деңгейі, цифрландыру, инфрақұрылымның дамуы және бизнестің белсенділігі секілді көрсеткіштер ескерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан 2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде 81-орынға ие болды. Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйымның мәліметіне сәйкес, еліміздің көрсеткіші 26,3 балды құрады.
Global Innovation Index әлем елдерінің инновациялық экожүйесін жыл сайын бағалайды. Биылғы зерттеуге 139 экономика енгізілген. Индекс мемлекеттердің жаңа технологияларды әзірлеуге, енгізуге және кеңінен қолдануға қаншалықты дайын екенін, сондай-ақ ғылымды, бизнес ортаны, цифрлық инфрақұрылымды және креативті индустрияларды дамыту деңгейін көрсетеді.
Рейтингті жасау кезінде бірнеше бағыт бойынша көрсеткіштер ескеріледі. Атап айтқанда, институттардың сапасы, адами капитал мен зерттеулер, инфрақұрылым, нарықтардың дамуы, бизнестің жетілу деңгейі, білім мен технология саласындағы нәтижелер, сондай-ақ креативті жетістіктер бағаланады.
2025 жылғы рейтингте Швейцария көш бастады. Алғашқы бестікке сондай-ақ Швеция, АҚШ, Корея Республикасы және Сингапур енді. Қытай алғаш рет үздік ондыққа кіріп, 10-орынға тұрақтады.
WIPO дерегінше, көшбасшы елдердің басты артықшылықтары – ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін қаржының жоғары болуы, сапалы институттар, дамыған білім беру жүйесі және инновацияға белсенді жеке сектор.
WIPO мәліметінше, әлемде инновациялық даму қарқыны әркелкі сақталып отыр. Бір жағынан, 2024 жылы ғылыми жарияланымдар саны артты, есептеу технологиялары мен энергетика саласында ілгерілеу байқалды, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш жақсарды. Екінші жағынан, инновацияға салынатын инвестициялардың өсу қарқыны тарихи үрдіспен салыстырғанда баяулап, жасанды интеллект саласы мен АҚШ-тан тыс жерлердегі венчурлық белсенділік те төмен деңгейде қалып отыр.
Ұйым дерегіне сәйкес, 2024 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған жаһандық шығын көлемі 2,9 пайызға өскен. Бұл – 2010 жылдан бергі ең төмен өсім қарқыны. Сонымен қатар компаниялардың ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсаған шығыны рекордтық 1,3 трлн долларға жеткенімен, оның өсу қарқыны да айтарлықтай баяулаған.
WIPO технологиялық прогрестің жеделдеп келе жатқанын да атап өтеді. Атап айтқанда, экологиялық тиімді суперкомпьютерлердің өнімділігі 60 пайыздан астам өскен, аккумуляторлардың құны 20 пайызға төмендеген, ал күн энергетикасы 2010 жылмен салыстырғанда едәуір арзан болған.
Дегенмен технологияларды енгізу әр елде әртүрлі қарқынмен жүзеге асып жатыр. Бұл жоғары шығындарға, өңірлік айырмашылықтарға және инфрақұрылымның даму деңгейінің әркелкі болуына байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның индекстегі орны ел алдында ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту, инновациялық бизнесті дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және технологияларды коммерцияландыру тетіктерін дамыту міндеттері тұрғанын көрсетеді.
Сонымен бірге бұл рейтинг экономиканың технологиялық өзгерістер жағдайында бәсекеге қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш болып саналады.