Алматыда такси жүргізушісі шытырман оқиғаға тап болды (ВИДЕО)

Бүгін, 22:18 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Алматыда такси жүргізушісі күтпеген оқиғаға тап болды. Оның айтуынша, көліктің артқы орындығында отырған жолаушы тапаншаға ұқсас зат көрсетіп, өзін Алматы облысындағы елді мекендердің біріне жеткізуді талап еткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Солтүстік айналма жолында болған. Патрульдік қызмет атқарып жүрген полицейлерге KIA маркалы көлік тоқтап, оны басқарған шетел азаматы көмек сұраған.

Жүргізуші тәртіп сақшыларына жолаушының өзін қаруға ұқсас затпен қорқытқанын айтқан. Осыдан кейін полиция қызметкерлері көлікті қоршауға алып, күдіктіні ұстады.

Тексеру кезінде жолаушының қолындағы заттың ойыншық тапанша екені анықталды. Алайда оқиға мұнымен аяқталмаған. Полиция күдіктіні ұстау кезінде жолдан өтіп бара жатқан тағы бір көлік жүргізушісі жағдайға алаңдап, KIA автокөлігіне соғылған.

Қазір KIA көлігінің жолаушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал жол апатына байланысты мән-жайлар қосымша анықталып жатыр.

Тэгтер:

Алматы