UFC-де өнер көрсеткен Азат Мақсұмға қатысты қуанышты хабар тарады

3 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм спорттық мансабын ACA промоушенінде жалғастырады. Бұл туралы "Вестник MMA" Telegram-арнасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дереккөздің хабарлауынша, аталған лигамен тағы бір қазақстандық файтер Жасұлан Әкімжан да келісімшартқа отырған. Екі спортшы да ACA сапындағы алғашқы жекпе-жегін 17 шілде күні Алматыда өтетін ACA 205 турнирінде өткізуі мүмкін.

Азат Мақсұм бұған дейін әлемдегі ең беделді ММА ұйымдарының бірі UFC-де өнер көрсеткен. Қазақстандық файтер бұл промоушенде төрт кездесу өткізіп, бір рет жеңіске жетті және үш жекпе-жекте қарсыластарына жол берді. Кейінгі сәтсіз нәтижелерден соң UFC тарапы онымен келісімшартты ұзартпаған.

Мақсұм UFC-дегі соңғы айқасында америкалық Митч Рапозомен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліп қалған еді. Қазіргі таңда оның кәсіби ММА-дағы көрсеткіші – 15 жеңіс және 3 жеңіліс.

UFC-ден кеткеннен кейін Азат Мақсұм Өзбекстандағы Mangu Professional League ұйымымен келісімге келген. Кейін ол UFC-дің қазіргі жауынгері Рамазан Темировпен бразилиялық джиу-джитсу ережесі бойынша белдескен болатын.

ACA, яғни Absolute Championship Akhmat – Еуразия кеңістігіндегі ірі ММА промоушендердің бірі. Бұл ұйым әртүрлі елдерден келген мықты файтерлердің басын қосып, тұрақты түрде халықаралық турнирлер өткізеді.

Азат Мақсұм үшін ACA-ға ауысу мансабындағы жаңа кезең болуы мүмкін. UFC-дегі сәтсіз сериядан кейін бұл промоушен қазақстандық спортшыға қайта серпіліп, тұрақты түрде жекпе-жек өткізуге мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Азат Мақсұм