"Әйеліме таңғалдым": Мейіржан Төребаев түрмеде өткен жылдары жайлы айтты (ВИДЕО)

Бүгін, 20:34 / Жамбыл Жайлау
SN.kz коллажы

Жақында бостандыққа шыққан вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев "Отец" подкастында түрмедегі өмірі, отбасыға деген сағынышы және еркіндікке шыққаннан кейінгі ішкі күйі туралы ашық айтты, деп turkystan.kz тілшісі Sn.kz ақпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Блогердің сөзінше, ең қиын сәттерде жұбайы Дана оған үлкен демеу болған. Ол кездесуге әрдайым жылы жүзбен келіп, кітаптар әкеліп, "жақында шығасың" деп үміт сыйлап отырған.

"Түрменің терезесінен сыртқа қарап отырып, өмірдің сенсіз жалғасып жатқанын сезесің. Жаңбыр жауып, адамдар тіршілігін жасап жатады. Сол кезде терең ойға батасың", – деді Мейіржан.

Оның айтуынша, жұбайы балаларын түрмеге апармаған. Себебі мұндай ауыр көріністі олардың көрмегенін дұрыс санаған. Дегенмен балалары хат жазып, оны аналары арқылы жолдап отырған.

"Дана әр келген сайын балаларымның хаттарын алып келетін. Мен оларды қабырғаға іліп қоятынмын. Сол хаттар арқылы үйдің жылуын сезінгендей болатынмын. Балалар бәрін әлеуметтік желіден көріп отырды. Хаттарын оқыған сайын өзімді кінәлі сезінетінмін", – деді ол.

Мейіржан бұл сынақтың өзіне көп нәрсе үйреткенін айтты. Бұрын мән бермеген қарапайым дүниелердің қадірін түсінгенін жеткізді. Сондай-ақ сол кезеңде әйелінің сабыры мен қайсарлығын ерекше бағалаған.

"Әйелімнің мықтылығына таңғалатынмын. Өз жұмысын қатар алып жүріп, маған келуге уақыт табатын. Балаларға да, анама да қамқор болды. Жар таңдаудан жолым болды деп ойлаймын", – деді вайнер.

Блогер түрмеде отбасылық құндылықтар туралы кітаптар оқығанын, жақындарыңнан жырақта жүргенде әр сәттің қадірі арта түсетінін айтты.

Мейіржан бостандыққа шыққаннан кейін де бірден қалыпты өмірге үйреніп кете алмағанын жасырмады.

"Үйге келген соң да өзімді еркін сезіне алмадым. Кез келген уақытта қайта алып кететіндей қорқыныш болды", – деді ол.

Сондай-ақ ол балаларына көбірек уақыт бөлуге тырысатынын айтты. Мейіржанның сөзінше, балаға берілетін ең үлкен сыйлық – ата-ананың жанында болып, бірге өткізген уақыты.

Тэгтер:

Актер Мейіржан Төребаев