«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты – халық сеніміне негізделген жүйе

Бүгін, 14:46 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Ақорда

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты – Қазақстандағы саяси реформалардың негізгі тұжырымдамаларының бірі. Бұл қағидат билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Аталған қағидат тиімді, әділетті және халыққа есеп беретін мемлекет қалыптастыруды көздейді. Бүгінде Қазақстандағы саяси жаңғырудың негізіне айналып, Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды бағыт ретінде қарастырылып жүрген бұл тұжырымдама туралы мамандардың пікірін білген едік.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Сенат депутаты:

Бұл – биліктің барлық тармағын халыққа адал қызмет етуге жұмылдыратын қағидат

Тарихтың қай дәуіріне қарасақ та, мемлекеттің баянды болуы ең алдымен оның ішкі құрылымына, билік институттарының парасатына, қоғаммен орнатқан сеніміне байланысты болған. Елдік мұраттың өлшемі тек жердің кеңдігімен, қазынаның молдығымен немесе әскердің қуатымен ғана айқындалмайды. Нағыз мемлекеттің қуаты – заңның әділдігінде, биліктің жауапкершілігінде, халықтың сенімінде. Қазақстан бүгін осындай тарихи жауапкершілік кезеңінде тұр. Бұл кезеңнің мәні – бұрынғыны жоққа шығару емес, мемлекеттіліктің жинақталған тәжірибесін жаңа сапаға көтеру. Біз тәуелсіздік жылдарында мемлекет құрдық, шекарамызды бекіттік, институттарымызды қалыптастырдық, халықаралық қауымдастықта лайықты орнымызды алдық. Ендігі міндет – сол мемлекетті әділет қағидатына, заң үстемдігіне, ашық диалогқа және нақты жауапкершілікке негізделген жаңа басқару мәдениетіне көшіру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы дәл осы тарихи қажеттіліктен туған. Бұл формула – саяси ұран емес. Бұл – мемлекетті басқарудың жаңа философиясы. Бұл – биліктің барлық тармағын бір мақсатқа, яғни халыққа адал қызмет етуге жұмылдыратын тұтас мемлекеттік қағидат.

Жалпыхалықтық Референдум нәтижесінде 15 ші наурызда қабылданған жаңа Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес,  халықтың тарихи таңдауы, мемлекеттің рухани-идеялық іргетасы, қоғам мен билік арасындағы ең жоғары келісім. Ата Заңда мемлекеттің кім үшін, қандай мақсатпен және қандай қағидаттар негізінде қызмет ететіні айқындалды. Конституцияның 2-бабы Қазақстанды президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет ретінде айқындайды. Бұл норма біздің мемлекеттілігіміздің іргелі сипатын көрсетеді. Қазақстан үшін біртұтастық – әкімшілік ұғым ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің, аумақтық тұтастықтың, қоғамдық келісімнің негізгі кепілі. Ал 3-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екені нақты жазылған. Халық билікті республикалық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға береді. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың түпкі мәні. Билік халықтан жоғары тұрған дербес күш емес. Билік – халық сеніп тапсырған жауапкершілік. Осы баптың төртінші тармағында мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылатыны бекітілген. Демек, билік бөлінісі – теориялық ұғым емес. Бұл – әділетті басқарудың нақты механизмі. Бір тармақ заң шығарады, екінші тармақ оны орындайды, үшінші тармақ құқық пен әділеттің сақталуын қамтамасыз етеді. Осы тепе-теңдік бұзылса, сенім әлсірейді. Сенім әлсіресе, мемлекеттің ішкі тұтастығы шайқалады.

«Күшті Президент» ұғымын дұрыс түсіну қажет. Бұл – барлық билікті бір қолға шоғырландыру деген сөз емес. Қазіргі конституциялық логикадағы күшті Президент – мемлекеттің стратегиялық бағытын айқындайтын, билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін, ұлттық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықтың кепілі болатын институт.

Конституция Президентке ерекше жауапкершілік жүктейді. Президент – мемлекеттің басшысы, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын тұлға. Бірақ жаңа кезеңдегі президенттік институттың мәні – билікті үстем жүргізу емес, билік тармақтарының бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасау. Соңғы реформалар осы түсінікті тереңдете түсті. Президенттің саяси партияда болмауы туралы талап, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдарды атқаруына шектеу қойылуы – саяси жүйені әділетті, ашық және меритократиялық қағидаттарға жақындататын маңызды нормалар. Бұл өзгерістердің астарында үлкен саяси мәдениет жатыр. Мемлекет бір адамның, бір топтың, бір әулеттің мүддесіне емес, бүкіл халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Президент институтының күші де осында: ол жеке биліктің емес, ұлттық мүдденің символы болуы тиіс.

Парламенттің ықпалы артпайынша, өкілді демократия толыққанды дамымайды. Парламент – халықтың дауысы естілетін, қоғамдық мүдде заң тіліне көшетін, Үкіметтің жұмысы талқыланатын, елдің ертеңіне қатысты шешімдер ашық қаралатын басты саяси алаң. Мемлекет басшысы реформалардың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін атап өтті. Бұл қағида мемлекеттің басты тіректерінің біріне айналды. Парламенттің рөлі күшеюі – биліктің әлсіреуі емес, керісінше мемлекеттің институционалдық сапасының артуы. Ықпалды Парламент дегеніміз – популизм алаңы емес. Ол – жауапты заң шығару институты. Депутаттың міндеті – тек сын айту емес, нақты шешім ұсыну. Тек мәселе көтеру емес, оның құқықтық, қаржылық, әлеуметтік салдарын саралау. Ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ деген ұстаным Парламент жұмысының басты өлшемі болуы тиіс. Конституциялық реформалардың мәні де осында.

Азамат үшін мемлекеттің сапасы күнделікті өмірден көрінеді. Жолдың сапасы, мектептің жағдайы, дәрігердің қолжетімділігі, судың тазалығы, қоғамдық көліктің уақтылығы, қауіпсіз көшелер, әділ тариф, жұмыс орны – осының бәрі Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмысының нақты көрсеткіші. Сондықтан «есеп беретін Үкімет» қағидаты – қағаздағы есепті көбейту емес. Бұл – нақты нәтижеге жауап беру. Үкімет қабылдаған шешімнің салдарын түсіндіруі, қоғаммен ашық сөйлесуі, Парламент алдында өз саясатын қорғауы және қателіктерін дер кезінде түзетуі тиіс. Жаңа мемлекеттік басқару принциптері осы жерде айқын көрінеді.

Барлық реформаның түпкі мақсаты – сенім. Сенім бар жерде заң жұмыс істейді. Сенім бар жерде азамат мемлекетке қарсы емес, мемлекетпен бірге әрекет етеді. Сенім бар жерде реформа қоғамға түсінікті болады. Сенім бар жерде тұрақтылық жасанды емес, табиғи сипат алады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы осы сенім архитектурасын қалыптастыруға бағытталған. Президент – стратегиялық бағыт пен ұлттық бірліктің кепілі. Құрылтай /Парламент/ – халық еркін заңға айналдыратын өкілді институт. Үкімет – нақты нәтиже үшін жауап беретін атқарушы орган. Халық Кеңесі – қоғамдық диалог пен ұлттық келісімнің жаңа алаңдары. Осы институттардың әрқайсысы өз орнында, өз жауапкершілігімен, өз құзыреті шегінде жұмыс істесе ғана мемлекет мықты болады.  Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанды құру – бір күнде бітетін шаруа емес. Бұл – ұзақ мерзімді, күрделі, бірақ тарихи тұрғыдан аса қажет жол. Біз бүгін жаңа басқару мәдениетіне қадам бастық. Бұл мәдениет биліктің халыққа жақын болуын, Парламенттің ықпалды болуын, Үкіметтің есеп беруін, соттың әділ болуын, мәслихаттың белсенді болуын, қоғамның жауапты болуын талап етеді. Ата Заң бізге бағыт берді. Енді сол бағытты нақты іске айналдыру – бәріміздің міндетіміз. Күшті Президент – тұрақтылықтың кепілі. Ықпалды Парламент – халық сенімінің көрінісі. Есеп беретін Үкімет – нәтижелі мемлекеттің шарты. Ал осының бәрін біріктіретін ең басты күш – халықтың сенімі. Сенім – мемлекеттің көрінбейтін капиталы. Оны заңмен жазуға болады, бірақ тек әділетті әрекетпен ғана нығайтуға болады. Сондықтан жаңа Қазақстанның басты өлшемі – биліктің күші ғана емес, оның әділеті, институттардың саны ғана емес, олардың сапасы; реформалардың жариялануы ғана емес, олардың халық өміріндегі нақты нәтижесі. Әділетті мемлекет дегеніміз – азамат мемлекеттен қорықпайтын, мемлекет азаматты еститін, заң бәріне бірдей жүретін, билік халық алдында жауап беретін мемлекет.

Уәлихан АХАТОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор:

Бұл қағидат заманауи саяси модель ретінде ерекше маңызға ие

Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі бағытының бірі – мемлекеттік билік жүйесін жетілдіру және билік тармақтарының өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты еліміздің саяси жаңғыруының басты тұжырымдамасына айналды. Бұл қағидат мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, билік институттарының жауапкершілігін күшейтуге, демократиялық құндылықтарды нығайтуға және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Аталған модельдің мәні Президент институтының мемлекеттің тұрақтылығы мен стратегиялық дамуын қамтамасыз етудегі жетекші рөлін сақтай отырып, заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының өкілеттіктерін кеңейтуге негізделеді. Бұл ретте Президент – елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық келісімнің кепілі. Президент мемлекеттік билік тармақтарының келісімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын белгілейді.

2022 жылғы республикалық референдум нәтижесінде Қазақстанның конституциялық дамуы жаңа кезеңге қадам басты. Конституциялық реформалар аясында Конституцияның көптеген нормасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, суперпрезиденттік басқару моделінен билік тармақтары арасындағы теңгерім мен жауапкершілікке негізделген жаңа саяси жүйеге көшу жүзеге асырылды. Реформа нәтижесінде заң шығарушы биліктің өкілеттіктері кеңейтіліп, Конституциялық Сот қайта құрылды, адам құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктері күшейтілді және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері артты. Осы өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының құқықтық және институционалдық негізін қалыптастырды.

Ал 2026 жылы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Жаңа Конституция аясында Құрылтайды заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде қалыптастыру мәселесі де ерекше назар аудартады. Ұсынылған модель бойынша Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округі негізінде пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан тұрады. Оның негізгі міндеті – конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысу және атқарушы билік қызметіне тиімді парламенттік бақылау жүргізу. Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылауға, жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларға келісім беруге, Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және олардың қызметіне қатысты мәселелерді қарауға өкілетті болады. Сондай-ақ Құрылтай Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдап, олардың заңдарды орындау сапасына баға бере алады. Мұндай өкілеттіктер заң шығарушы биліктің ықпалын күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Бұл қағидаттағы маңызды буындардың бірі – есеп беретін Үкімет. Қазіргі заманғы мемлекеттік басқару жүйесінде Үкімет тек атқарушы орган ғана емес, сонымен қатар өзінің қызмет нәтижелері үшін қоғам алдында жауапты институт болуға тиіс. Есеп беретін Үкімет қағидаты мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруды, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасын бақылауды және халықтың қажеттіліктеріне жедел ден қоюды көздейді. Үкімет мүшелерінің заң шығарушы орган алдында тұрақты есеп беруі, мемлекеттік шешімдердің қоғамдық талқылауға ұсынылуы және азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аударылуы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қазір бұл тұжырымдама Қазақстанда «Әділетті Қазақстанды» құру идеясының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Оның басты мақсаты – азаматтардың мүддесіне қызмет ететін тиімді мемлекет қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту және демократиялық институттардың тұрақты дамуына жағдай жасау. Сондықтан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи саяси модель ретінде ерекше маңызға ие.

Жансая НҰРАЛЫ, Қоғамдық саясат институтының сарапшысы:

Президент институты мемлекеттің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тірекке айналды

Кез келген мемлекет, әсіресе демократиялық даму жолын таңдаған елдер, өзінің саяси эволюциясы барысында мемлекеттік басқарудың түрлі модельдерін қалыптастырып, оларды уақыт талабына сай жетілдіріп отырады. Қазақстан да тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше саяси даму кезеңінен өтті. Егемендіктің алғашқы жылдарында ел алдында мемлекеттілікті қалыптастыру, экономикалық реформаларды жүзеге асыру және қоғамдық тұрақтылықты сақтау міндеттері тұрды. Осындай жағдайда күшті президенттік, тіпті сарапшылар «суперпрезиденттік» деп сипаттайтын басқару моделі қалыптасты.

Бұл модель сол кезеңнің тарихи жағдайларында өзінің тиімділігін көрсетті. Президент институты мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен стратегиялық бағытын қамтамасыз ететін негізгі тірекке айналды. Уақыт өте келе қоғамның саяси мәдениеті өсіп, халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу сұранысы артты. Нәтижесінде мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен ашықтығына қойылатын талаптар да күшейді.

Осындай күрделі үдерістердің заңды жалғасы деп айта алатын, соңғы жылдары елдегі саяси реформалардың негізгі тұғырнамасына айналып үлгерген «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты қалыптасып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен бастап жалғасқан реформалардың түйіні деп те айтуға болады. 2022-2024 жж Президенттің көпшілік алдында сөйлеген сөздерінен, жыл сайынғы Жолдауларынан билік тармақтарының өзара іс-қимылын жетілдіру, Парламенттің саяси салмағын арттыру және Үкіметтің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту секілді көпшілікке тасталған ойларды оқуға болады.

Қағидат іс жүзінде 2022 жылғы саяси жаңғыру үдерісі аясында айқын көрініс тапты. Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Парламенттің заң шығару және бақылау функциялары кеңейтілді, Мәжілістің қалыптасу тәртібі өзгерді, яғни аралас сайлау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі, Конституциялық Соттың құрылуы саяси жүйенің ашықтығын арттыруға ықпал етті.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының мазмұны көптеген дамыған мемлекеттердің саяси жүйелерінде бар. Мысалы, Францияның Бесінші республикасындағы басқару моделі күшті президент институтын сақтай отырып, парламенттің заң шығарушы рөлін және үкіметтің жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Португалия, Польша және Финляндия сияқты елдерде де президент институтының тұрақтандырушы рөлі парламенттің бақылауы мен үкіметтің есеп беруші механизмдерімен үйлескен. Билік тармақтарының «тепе-теңдік пен тежемелік» тәсілі,яғни бір билік тармағы екіншісінің алдына шығып күшейіп кетпеу үлгісіне сүйенеді.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының бір ерекшелігі ретінде оның эволюциялық сипатын айтуға болады. Қазақстан халықаралық тәжірибеде жиі кездесетін күрт саяси өзгеріс бағытын қош көрмей, кезең-кезеңімен жүзеге асатын жаңғырту моделін таңдады. Бұл тәсіл бірінші кезекте саяси тұрақтылықты сақтауға кепіл бола отырып, мемлекеттік институттарды біртіндеп күшейтуге мүмкіндік береді.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ