3 маусым күні таңертең Тәжікстан аумағында магнитудасы 5,6 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығына қарасты Геофизикалық зерттеулер институтының деректер орталығы мәлімдеді.
Жедел ақпаратқа сәйкес, жер асты дүмпулері Астана уақытымен сағат 11:58-де болған. Гринвич уақыты бойынша сейсмикалық оқиға 06:58-де тіркелген.
Жер сілкінісінің эпицентрі Тәжікстан аумағында орналасқан. Оның координаттары – солтүстік ендіктің 38,75 градусы және шығыс бойлығының 71,98 градусы. Жер сілкінісінің магнитудасы mb=5,6, энергетикалық класы K=12,5 болған.
Тәжікстан Орталық Азиядағы сейсмикалық белсенділігі жоғары елдердің бірі саналады. Таулы жер бедері мен ірі тектоникалық құрылымдардың тоғысқан аймағында орналасуы өңірде әртүрлі күштағы жер сілкіністерінің жиі орын алуына себеп болады.
Қазіргі уақытта қираулар немесе зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.