Жетісу облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өңірлік ветеринария басқармасының қызметінде заңдылықты қалпына келтіріп, еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеді және өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ветеринария басқармасының қызметіне жүргізілген тексеру барысында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезіндегі заңсыздықтарды анықтады. Атап айтқанда, ведомствоның эпизоотияға қарсы іс-шаралар бойынша қызметтерді бір көзден алу тәсілімен негізсіз сатып алуға әрекеттенгені белгілі болды. Заңды негіздердің және монополияға қарсы органның тиісті қорытындысының жоқтығына қарамастан, аталған рәсім басталып кеткен. Бұл жағдай өңірдегі бүкіл ветеринария жүйесі жұмысының тұрақсыздығына алғышарттар жасады.
Лауазымды тұлғалардың мұндай құқыққа қайшы әрекеттері мыңнан астам білікті маманның жұмыссыз қалу қаупін тудырды. Прокуратураның уақтылы араласуы бұл бұзушылықтардың жолын кесуге, қызметкерлердің еңбекпен қамтылуын сақтауға және қызметтің тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік берді.
Қадағалау іс-шараларының тағы бір маңызды бағыты еңбек жағдайларының қауіпсіздігін тексеру болды. 2023–2024 жылдар аралығында пайдалануға берілген 49 блоктық-модульдік ветеринариялық пунктер мен ветеринариялық станцияның техникалық регламенттерді бұза отырып қолданылғаны анықталды. Атап айтқанда, нысандарды электр желілеріне қосу кезінде жерге тұйықтау жүйесі болмаған. Бұл қызметкерлердің өміріне тікелей қауіп төндіріп, өндірістік жарақат алу қатерлерін арттырған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,4 мыңнан астам жұмысшылардың мүдделері қорғалып, ветеринария мамандарының еңбек құқықтары қалпына келтірілді, сондай-ақ нысандардың техникалық жағдайы қауіпсіздік нормаларына толық сәйкестендірілді.
Жетісу облысының прокуратурасы мемлекеттік мекемелердегі қауіпсіздік стандарттары мен еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды басты назарда ұстай отырып, заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.