Қостанайда білім бөлімінің басшысы ұсталды

Бүгін, 12:15 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанайда соңғы күндері әлеуметтік желілер мен жергілікті пабликтерде қызу талқыланған ақпарат ресми түрде расталды. Қостанай облысының прокуратурасы қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін қала тұрғындары білім бөлімі ғимаратында жаппай тінту жүргізіліп жатқаны және қызметкерлердің жауап алуға шақырылып жатқаны туралы ақпарат таратқан болатын. Белгілі болғандай, бұл тергеу әрекеттері шынымен де қылмыстық іс аясында жүргізілген. Істі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеп жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, лауазымды тұлғалар қалалық мектептердің қажеттіліктеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында 2026 жылғы 1 маусымда бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілді, оның ішінде лауазымды тұлғалардың тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындарында тінту шаралары өтті. Сол күні тергеу органы Гүлсім Уразбаеваны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы негізінде ұстады», – деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.

Қадағалау органы тергеу жұмыстарының жалғасып жатқанын және істің барлық мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті.

Гүлсім Оразбаеваның өңірдегі білім беру саласында көп жылдық еңбек өтілі бар. Ол ауылдық және қалалық мектептерде жұмыс істеген. 2006 жылы қалалық білім бөліміне әдіскер қызметіне келген, ал 2020 жылдан бері осы бөлімді басқарып келеді.

Тэгтер:

Қостанай білім бөлімі