Маңғыстауда әткеншектен баланың мәйіті табылды

Бүгін, 11:18 / Алуа Арман
pixabay.com

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 12 жастағы баланың өмірін қиған қайғылы оқиға болды. Атамекен ауылындағы үйлердің бірінің ауласынан баланың жансыз денесі табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы жергілікті тұрғындар хабарлаған. Куәгерлердің айтуынша, баланы алғаш болып басқа бір бала байқап қалған. Әуелде ол оны әткеншекте ойнап отыр деп ойлаған, алайда жақындап келгенде баланың қимылсыз жатқанын көрген. Осыдан кейін ата-анасына, кейін жедел жәрдем қызметі мен полицияға хабар берілген.

Жедел медициналық жәрдем станциясы шақыртудың түскенін растады. Дәрігерлер 1 маусым күні оқиға орнына келіп, 2014 жылы туған баланың қайтыс болғанын анықтаған.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі 1 маусым күні Мұнайлы ауданының Атамекен ауылындағы үйлердің бірінде кәмелетке толмаған баланың қаза болғаны туралы хабарлама түскенін мәлімдеді.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 12 жастағы бала аулада қолдан жасалған әткеншекте ойнап жүрген кезде жазатайым оқиға салдарынан жарақат алған. Аталған факті бойынша адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Тэгтер:

Маңғыстау әткеншек