Астанада топырақты заңсыз тасымалдаған жүргізушілер ұсталды

Бүгін, 09:56 / Алуа Арман
polisia.kz

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау камералары қамтымайтын, қолжетімділігі шектеулі аумақтардағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында елордада полиция дрондар мен қалалық ортаны бақылаудың өзге де заманауи технологияларын пайдалануда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы жүргізілген мониторинг барысында Айтматов көшесінде топырақты заңсыз тасымалдау фактісі анықталды. Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тану жүйесінің көмегімен құқық бұзушылыққа қатысы бар екі жүк көлігі анықталды. Жиналған ақпарат жедел түрде полиция қызметкерлеріне жолданды.

Полиция қызметкерлері жүк көліктерінің жүргізушілерін анықтап, оларды заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартты. Көліктер коммуналдық тұраққа қойылды.

Аталған дерек бойынша тиісті материалдар рәсімделіп, Астана қаласының экология департаментіне жолданды.

Полиция заңсыз топырақ өндіру мен тасымалдау табиғатты қорғау заңнамасын бұзу болып саналатынын және мұндай әрекеттер үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондай-ақ азаматтарды экологиялық құқық бұзушылықтар туралы "102" арнасына хабарлауға шақырады.

Тэгтер:

Топырақ