Жасанды интеллект дәуіріндегі жас өнертапқыштар

Бүгін, 09:27 / Алуа Арман

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «AI-Sana: Болашаққа қадам» атты тәжірибелік воркшоп өтті. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ұйымдастырған шараға оқытушылар мен студенттер қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Басты мақсат – студенттердің жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы білімін кеңейту, инновациялық жобаларды дамытуға қолдау көрсету, жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру және заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндіктерін таныстыру.

Бағдарлама барысында Академиялық және цифрлық инновациялар кеңсесінің жетекшісі И.И.Круговых университетте жүзеге асырылып жатқан цифрлық бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер туралы маңызды ақпаратпен бөліссе, Компьютерлік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, PhD А.Атаниязова «AI-Sana: цифрлық трансформацияға бастайтын көпсатылы жоба» тақырыбында баяндама жасап, жобаның мақсаттары мен болашақ даму бағыттарын таныстырды.

Кездесу барысында «AI-Sana» курсының тыңдаушылары сөз алып, бағдарламаның кәсіби және тұлғалық дамуға қосқан үлесі туралы пікірлерін жеткізді. Студенттер курстан алған білімдерінің жобалық жұмыстарды жүзеге асыруға және жаңа технологияларды еркін меңгеруге үлкен көмек көрсеткенін атап өтті.

Workshop жас зерттеушілердің білім беру, денсаулық сақтау, ақпараттық қауіпсіздік және бағдарламалық қамтамасыз ету салаларына арналған жасанды интеллект негізіндегі стартаптары мен жобаларын көпшілік назарына ұсынуға мүмкіндік жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алысып, ұсынылған жобалар бойынша сұрақтарын қойып, болашақтағы бірлескен жұмыс және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.