Көкшетауда жас жігіт алаяқтардан қорқып, шешесін тонаған

Бүгін, 22:44 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Көкшетауда 21 жастағы жігіт интернет алаяқтардың арбауына түсіп, олардың нұсқауымен анасының құны 6 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарын апарып берген, деп turkystan.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, 29 мамыр күні жас жігітке белгісіз адамдар хабарласып, өздерін ұялы байланыс компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар SIM картасын ауыстыруды сылтау етіп, SMS арқылы келген кодты айтқызған. Кейін оған өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған әйел қоңырау шалған.

Әйел жігітке қатысты алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын айтып, “мүлік декларациясын” өткізу үшін үйдегі құнды заттарды, соның ішінде зергерлік бұйымдарды суретке түсіруді талап еткен. Қоңырау шалушыларға сенген қала тұрғыны олардың барлық нұсқауын орындап, байланысын үзбеген.

Келесі күні алаяқтар алдаудың келесі кезеңіне өткен. Бұл жолы оған өзін күш құрылымдарының қызметкері ретінде таныстырған ер адам хабарласып, отбасының банк шоттары арқылы тыйым салынған ұйымдарды қаржыландыру жүріп жатқанын айтқан.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, жігітті және оның отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін деп қорқытқан. Қоқан-лоқыдан кейін жас жігіт анасына тиесілі алтын бұйымдарды жинап, сөмкеге салып, алаяқтар айтқан жерге апарып жасырған.

Осылайша, жалпы құны 6 120 000 теңге болатын 18 алтын бұйым қаскөйлердің қолына өткен. Жігіт тапсырманы орындағанын дәлелдеу үшін зергерлік бұйымдар жасырылған жерді видеоға түсіріп, алаяқтарға жіберген.

Бұл жағдай 31 мамырда ғана белгілі болған. Жәбірленушінің анасы үйдегі алтындарының жоғалғанын байқап, полицияға ұрлық туралы арызданған. Тексеру барысында ұлының алдын ала ойластырылған интернет алаяқтық схемасының құрбаны болғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тэгтер:

Көкшетау