"Балмұздақ алуға шыққан": Шымкентте жүк көлігі қағып кеткен баланың ата-анасы жан айқайын жеткізді

Бүгін, 20:43 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Шымкентте ауыр жүк көлігі 11 жастағы оқушыны қағып, бала оқиға орнында көз жұмды. Қара жамылған отбасы кінәлі азаматтардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Қайғылы жағдай 1 маусым күні кешкі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, ауыр техника коммуналдық қызметке тиесілі болған және сол маңда қоқыс жинау жұмыстарына шыққан.

Марқұм Нұрасыл 5-сыныпты енді ғана аяқтаған. Әкесінің айтуынша, бала сол күні дүкенге балмұздақ алуға шыққан. Ол қарындастарымен бірге жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан сәтте ауыр жүк көлігі қағып кеткен.

"Болды, басқа не деймін? Өзінің жолында келе жатқан бала ғой. Жаяу жүргінші өткелінде келе жатыр. Жүргізуші қарамай ма?" – деді марқұмның әкесі Қайрат Тасқұлов.

Жол апаты шамамен сағат 17:00-де жаяу жүргінші өткелінде болған. Куәгерлердің айтуынша, соққы өте қатты болған. Оқиға орнына жиналған адамдар бұл жағдайды көрудің өзі ауыр болғанын айтады.

"Бала жерде жатты. Шынымен ауыр жағдай болды. Бәріміздің бала-шағамыз бар", – деді куәгер Ерғали Сүлейменов.

Қазір коммуналдық көлікті басқарған жүргізуші қамауға алынған. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Нұрасыл Әбдірахман үйдегі екінші бала, алты ағайындының бірі болған. Жақындарының айтуынша, ол мектепте озат оқушылар қатарында оқыған. Баласынан айырылған отбасы орны толмас қазаға себеп болған адамның әділ жазалануын сұрап отыр.

Тэгтер:

Шымкент Аурухана Жүк көлігі