Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, футбол функционері Давид Лория Қазақстан футбол федерациясындағы қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін мен Қазақстан футбол федерациясындағы қызметімді аяқтау туралы шешім қабылдадым. ҚФФ президенті Марат Омаров маған вице-президент қызметінде қалуды ұсынды. Бірақ екеуіміздің футболды дамыту мен өмірлік құндылықтарға қатысты көзқарасымыз кейбір жерде сәйкес келмейді», – деді Лория.
Ол федерациядағы жұмыс кезінде маңызды жобаларды жүзеге асырып, басқарушылық тәжірибе жинақтағанын айта келе, клубтарға, өңірлік федерацияларға, бапкерлерге, функционерлерге, футболшыларға және футболды дамыту жолында бірге еңбек еткен әріптестеріне алғысын білдірді.
Айта кетейік, Давид Лория ҚФФ бас хатшысы қызметіне былтыр сәуір айында тағайындалған-тын. Алайда биыл наурызда ҚФФ атқарушы комитетінің сырттай өткен дауыс беру қорытындысында аз дауыс санын жинап, хатшылық қызметтен босатылды.