Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңеске қатысып, Алатау қаласының маңындағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың көпшілігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамай отырғанына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленді. Аталған құқықтық режим Конституциялық заң арқылы бекітілді. Арнайы басқару режиміне сәйкес Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің құзыреттері нақты белгіленді. Сондықтан қағазбастылыққа салынбай, барынша жедел және сапалы жұмыс істеу керек. Алдымен баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет. Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет. Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды. Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды. Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту қажеттігін айтты.
«Бұл салада нақты атқарылған жұмыс жоқ деп айтсақ, қателеспейміз. Ал қазіргі таңда туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі болып саналады.
Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі мүмкін, әбден ықтимал. Мұндай өсім инженерлік желімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіретіні анық. Қазір Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз. Соған қарамастан кәсіпкерлер бұл инфрақұрылымға қаржы салуға дайын.
Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес және қала әкімшілігі инвестицияны қайтарудың әдіс-тәсілдері мен мерзімдері айқындалған нақты ережелер әзірлеуге тиіс. Бұл құжатта өзара жүктеме әділ бөлініп, барлық сын-қатерлер ескерілуі керек», - деді Президент.