Қасым-Жомарт Тоқаев: Шетел инвестициясын қорғау – кезек күттірмейтін міндет

Бүгін, 14:15 / Алуа Арман
Ақорда

Мемлекет басшысы бүгін Алматы облысына барған сапарында Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңеске қатысып, инвесторлар мәселесіне кеңінен тоқталды. Президент инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуді аса маңызды міндет ретінде атады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Қазір алдымызда тұрған жұмыс – аса маңызды: инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берген жөн. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолданған абзал. Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма. Арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады. Шетел инвестициясын қорғау, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, шарттардың ашықтығын және мемлекет ұсынатын кепілдіктердің бұлжымастығын қамтамасыз ету – негізгі мәселе, кезек күттірмейтін міндет. Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көптеп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет. Бұл, әрине, өте ауқымды шаруа. Сондықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды», - деді Президент.

 

Тэгтер:

Тоқаев инвестор Алатау