«Төбелесте адам өлген»: Қытайда қазақстандық жігіт қамауға алынды

Бүгін, 12:47 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Қытайда Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров ұсталды. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қытай тарапының мәліметінше, оқиға Гуандун провинциясының аумағында болған. Жанжал салдарынан Қытай азаматы қаза тауып, кейін қазақстандық жігітті құқық қорғау органдары ұстаған.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына Гуандун провинциясының қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан ресми хабарлама келіп түскенін мәлімдеді. Қазақстан тарапы іс бойынша қосымша ақпарат алу үшін Қытай Халық Республикасының құзырлы органдарына тиісті сұрау жолдаған.

Сондай-ақ дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен байланыста болып, оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Аталған жағдай ҚР СІМ бақылауында.

Threads әлеуметтік желісінде ұсталған азаматтың туыстарының үндеуі жарияланды. Олардың айтуынша, ер адам жанжалдың қатысушысы болған және топ болып жасалған шабуыл кезінде өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет еткен. Жарияланымда оқиғаның бейнежазбасы бар екені айтылып, істің әділ қаралуы сұралған.

Тэгтер:

Қытай төбелес Қазақстан азаматы