Шымкентте сарышаян шаққан жасөспірім ауруханаға түсті

Бүгін, 12:19 / Алуа Арман
pixabay.com

Шымкентте 14 жастағы жасөспірімді сарышаян шағып, ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлап, қол-аяғы ұйып, тыныс алуы қиындай бастаған. Уақыт жоғалтудың қауіпті екенін түсінген ата-анасы баласын өз көліктерімен ауруханаға жеткізуге шешім қабылдаған.

Зардап шеккен баланы медициналық мекемеге мүмкіндігінше тез жеткізуге полиция қызметкерлері көмектесіп, көлікті ауруханаға дейін алып жүрген.

«Науқас ауруханаға орташа ауыр жағдайда жеткізіліп, бірден токсикология бөліміне жатқызылды. Жағдайы айтарлықтай жақсарғаннан кейін келесі күні үйіне шығарылды. Маусым басталғалы бері сарышаян шаққан 37 адам стационарлық ем қабылдады. Тағы 102 адам амбулаториялық емнен өтті», – деді Т. Орынбаев атындағы қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.

Мамандардың айтуынша, сарышаян шаққан кезде қатты ауырсыну пайда болады. Мұндай жағдайда сабыр сақтап әрекет ету маңызды: зардап шегушіні қауіпсіз жерге апарып, жараны таза сумен жуып, суық басу қажет. Удың ағзаға таралуын баяулату үшін зақымданған аяқ-қолды қимылсыз күйде бекітіп қойған жөн.

Білікті медициналық көмекке міндетті түрде жүгіну керек, өйткені мұндай шаққан жағдайлар балалар, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін аса қауіпті болуы мүмкін.

«Бас айналу, құсу және қатты бас ауруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Дәрігер қарағанға дейін алғашқы көмек ретінде ауырсынуды басатын дәрілер қабылдап, жағдайды жеңілдетуге болады», – деп атап өтті Мәдина Ермаханбетова.

Қауіпті азайту үшін мамандар өсімдіктер өсетін жерлерде сақ болуға және жабық аяқ киім киюге кеңес береді. Сыртта қалған киім мен аяқ киімді үйге кіргізер алдында мұқият тексеру қажет.

Сондай-ақ аула маңын қоқыстан үнемі тазартып, қабырғалардағы жарықтарды уақытылы бітеп отыру сарышаяндардың жақын маңда пайда болу қаупін төмендетеді.

Тэгтер:

Шымкент Аурухана Жасөспірім шаян сарышаян шағу