Мамыр айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5,1%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 486,51 теңге деңгейінде қалыптасты. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 394 млн АҚШ долларынан 392 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,7 млрд АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, мамыр айында республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан 500 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Бұл ретте Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 7,5%-ын немесе күніне шамамен 29,4 млн АҚШ долларын көрсетті.
Күтілетін фискалдық түсімдерді және Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдерін ескере отырып, Ұлттық Банк маусым айында республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қордан 200 млн АҚШ долларынан 300 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр.
Мамыр айында «айналау» операциялары аясында шамамен 354 млрд теңге алынды. Маусым айында осы мақсатта 354 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтіледі.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру барысында Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады.
Мамыр айында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында сатылған валюта көлемі шамамен 410 млн АҚШ долларына бағаланды.