Малайзия билігі балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа шектеулер енгізді. 1 маусымнан бастап елде 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашуға тыйым салынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңа ереже Facebook, Instagram, TikTok және YouTube сияқты ірі платформаларға қатысты қолданылады. Енді бұл сервистер пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеріп, 16 жасқа толмаған балалардың тіркелуіне жол бермеуі тиіс.
Қазір әлеуметтік желілерде аккаунты бар жасөспірімдердің жасын тексеру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл үдерісті толық енгізуге алты ай уақыт берілген.
16 жасқа толмаған балалардың парақшалары жабылатындықтан, оларға жеке фотосуреттері мен видеоларын телефонына немесе басқа құрылғыға жүктеп алуға бір ай мерзім беріледі. Осы уақыт өткен соң олардың аккаунттары бұғатталуы немесе өшірілуі мүмкін.
Заң талабын орындамаған технологиялық компанияларға 2,5 млн долларға дейін айыппұл салынуы ықтимал. Бұл шамамен 1,2 млрд теңгеге тең.
Малайзия үкіметі мұндай қадам балаларды зиянды контенттен, кибербуллингтен және әлеуметтік желілердің тәуелділік тудыратын функцияларынан қорғау үшін қажет екенін мәлімдеді.
Алайда технология саласының кей өкілдері бұл шешімнің кері әсері болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Олардың пікірінше, әлеуметтік желілерге толық тыйым салу жасөспірімдерді бақылауы әлсіз әрі қауіпсіздігі төмен басқа интернет алаңдарға көшуге итермелеуі мүмкін.
Әзірге ірі платформалардың Малайзиядағы жаңа талаптарды қалай орындайтыны нақты белгісіз.