"Қамауда отыр": Блогер Қайсар Қамзаға қатысты тың дерек шықты

Бүгін, 20:46 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланған блогер Қайсар Қамза Вьетнам аумағында қамауда отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады.

СІМ өкілінің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық тарап блогерді елге қайтару мәселесін қарастырып жатыр.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұл азамат Вьетнам аумағында қамауда отыр. Қазіргі уақытта оны экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Экстрадиция Бас прокуратураның құзыретіне кіреді, осы орган тарапынан тиісті мәлімдеме жасалады", – деді Ерлан Жетібаев брифинг барысында.

Еске сала кетейік, сәуір айында іздеуде жүрген Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталғаны хабарланған еді. Полицияның мәліметінше, блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноға қатысты жарнамалық бейнероликтер жариялап, қолданушыларды құмар ойындарға тартқан. Соның нәтижесінде 100 млн теңгеден астам заңсыз табыс тапты деген күдікке ілінген.

Кейін Қайсар Қамза әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бірнеше рет байланысқа шығып, өзіне қатысты экстрадиция мәселесі қаралып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, Вьетнамның миграциялық полициясы паспортын алып қойған, алайда өзі бостандықта жүргенін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта блогердің Қазақстанға қайтарылуына қатысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Тэгтер:

блогер Қайсар Қамза