Д’Артаньянның сүйегіне қатысты келеңсіз жайт анықталды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Атақты француз мушкетері д'Артаньяндікі болуы мүмкін сүйектің нақты кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес екені белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Нидерландтың L1 өңірлік телеарнасы тергеуге жақын дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Мәліметке сәйкес, Нидерландтың Маастрихт қаласындағы шіркеулердің бірінен табылған сүйектердің жартысынан көбі шіріп кеткен. Соның салдарынан оларды дәл сәйкестендіру қиынға соғып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, қалдықтар табылғаннан кейін оларға дұрыс қаралмаған болуы мүмкін. Аты-жөнін жариялағысы келмеген маманның айтуынша, сүйектермен жұмыс істеу тәсілі нақты нәтиже алуға мүмкіндік бермейді.

Зерттеушілер археолог Вим Дейкман сүйектерді қолмен ұстаған болуы мүмкін деп есептейді. Бұл жағдай ДНҚ-сараптамасын қиындатып, анықталған генетикалық материалдың сүйектерге тиесілі екенін дәлелдеуге кедергі келтіруде.

Сонымен қатар сүйек қалдықтары Маастрихт муниципалитетіне дүкен пакеттері мен пластик контейнерлерде жеткізілгені айтылды. Қазіргі уақытта олар Девентер қаласындағы Саксон қолданбалы ғылымдар университетінде сақтаулы.

Бұған дейін Нидерланд полициясы археолог Вим Дейкманды д’Артаньянның сүйегіне қатысты іс бойынша ұстағаны хабарланған болатын.