Қазақстан тұрғындарының саны 20 547 909 адамға жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 547 909 адамға жетті. Бір айдың ішінде ел тұрғындарының саны 15 мыңнан астам адамға көбейсе, жыл басынан бергі жалпы өсім – 63 171 адам.
Қазір халықтың басым бөлігі қалалық жерлерде тұрады. Қала тұрғындарының саны 13 153 726 адамға жеткен.
Қазақстандағы ең ірі мегаполис мәртебесін Алматы қаласы сақтап отыр. Қала халқы 2 362 463 адамға жеткен. Сонымен қатар, халқы бір миллионнан асатын қалалар қатарында Астана мен Шымкент бар. Елордада 1 668 750 адам тұрса, Шымкент тұрғындарының саны – 1 305 620 адам.
Өңірлер арасында халық саны ең көп аймақтардың қатарында Түркістан облысы (2 146 817 адам), Алматы облысы (1 609 784 адам), Жамбыл облысы (1 214 040 адам) және Қарағанды облысы (1 131 090 адам) бар.
Ал халық саны ең аз өңірлер ретінде Ұлытау облысы (218 251 адам), Солтүстік Қазақстан облысы (512 702 адам) және Абай облысы (593 892 адам) тіркелді.