Алматы облысында әріптестері жас жігітті соққыға жығып, көміп тастаған

Бүгін, 16:45 / Алуа Арман
"Криминалды Қазақстан" телеграм арнасы

Туыстарының айтуынша, ер адам 23 мамыр күні жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Оны үш әріптесі соққыға жығып, тірідей көміп тастаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Криминалды Қазақстан» telegram-арнасының мәліметінше, қылмыс Ұйғыр ауданындағы демалыс орындарының бірінің аумағында болған. Із-түзсіз жоғалған азаматтың мәйіті бірнеше күндік іздеуден кейін табылған.

27 мамыр күні Ұйғыр аудандық полициясына әйел адам 29 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы арызданған. Ұлы жұмыс орнына кеткеннен кейін байланысқа шықпаған.

«Дереу іздестіру және жедел-тергеу шаралары ұйымдастырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жоғалған азаматтың мәйіті жұмыс орнына жақын маңдағы демалыс аймағынан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мен оның әріптестері арасында спирттік ішімдік ішкеннен кейін жанжал туындап, оның барысында жәбірленушіге дене жарақаттары салынған», – деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша адам өлтіру және қылмысты жасыру баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті қамауға алынды.

«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті процессуалдық әрекеттер кешені жүргізілуде. Оқиға кезінде компанияда болған үшінші ер адамға қатысты процессуалдық шешім тергеудің кейінгі нәтижелері бойынша қабылданады», – деді полиция.

Тэгтер:

Алматы облысы қылмыстық іс жас жігіт соққыға жығу